Израиль Пальмираға әуеден шабуыл жасап, 36 адам көз жұмды
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль армиясы Сирияның тарихи қаласы Пальмираға жасаған әуе шабуылынан 36 адам көз жұмып, тағы 50 адам жараланды. Әуе соққылары тұрғын үйлер мен өндірістік ошақтарға жасалған, деп хабарлайды Kazinform-ның меншікті тілшісі.
«Сәрсенбі күні жергілікті уақытпен сағат 13:30 шамасында қаланың тарихи бөлігі болып саналатын ат-Танф ауданына зымырандар құлап, оның салдарынан 36 адам көз жұмды, тағы 50 адам жарақат алды», — делінген сириялық SANA ақпарат агентті таратқан хабарламада.
Ат-Танф — Сирияның оңтүстік-шығыс бөлігіндегі Ирак шекарасына жақын жатқан аудан. Бұл ауданды АҚШ әскері бақылайды.
Айта кетсек, Сирияның Пальмира қаласы ЮНЕСКО-ның тарихи мұралар тізіміне енген. Көне шаһар атауы туралы алғашқы деректер біздің дәуірімізге дейінгі екінші мыңжылдықтарда кездеседі. Елде соғыс басталмай тұрғанда қала Сириядағы ең басты туристік орталықтың бірі саналған. Соғыс салдарынан мұндағы тарихи ескерткіштер қатты зақымданды. Мамандар көне қала жойылып кету қаупі төніп тұғанын айтуда.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, АҚШ қарулы күштері Сириядағы Иран қолдайтын содырлар тобының қару-жарақ қоймасына соққы берді. Бұл Сирияның солтүстік-шығысындағы америкалық базаға жасалған зымыран шабуылынан кейінгі екінші операция.