Израиль Кнессеті (парламент) адам шығынына әкелетін шабуыл жасағаны үшін сотталған палестиналықтарға өлім жазасын тағайындайтын заң жобасын басым дауыспен мақұлдады. The Times of Israel басылымының хабарлауынша, заң жобасын 62 депутат қолдады, 48-і қарсы дауыс берді.
Заңға сәйкес, израильдік азаматты өлтіргені үшін кінәлі деп танылған Батыс жағалау тұрғындары үшін негізгі жаза - дарға асу арқылы өлім жазасына кесу. Сот өмір бойы бас бостандығынан айыруды тек «ерекше жағдайда» ғана тағайындай алады.
Заң тек алдағы істерге қолданылады. Өлім жазасын тағайындау үшін бірнеше судьяның дауысы жеткілікті, ал апелляциялық шағым беру құқығы алынып тасталады. Заңның қабылдануы бастаманы белсенді түрде алға тартқан «Отцма Йехудит» партиясы мен оңшыл күштер үшін саяси жеңіс болды. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху дауыс беруге жеке өзі қатысып, заң жобасын қолдады.
- Бұл құрбандар үшін әділеттілік күні және жауларымыз үшін үрей күні болады. Терроризмді таңдаған адам өлімді таңдайды, - деді Израильдің ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир.
Аталмыш заң адам құқықтары ұйымдары тарапынан қатаң сынға ұшырады.
Израильдегі Азаматтық құқықтар қауымдастығы Жоғарғы Сотқа өмір сүру, теңдік және әділ сот ісін жүргізу құқығын қоса алғанда, негізгі құқықтардың бұзылуын айтып, заңның күшін жоюды талап етіп өтініш берді.
Рамалладағы Палестина әкімшілігі заңның қабылдануын «қауіпті шиеленіс» деп атап, оның соттан тыс өлтірулерді заңдастыруға бағытталғанын мәлімдеді.
БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі басқармасы өлім жазасы халықаралық міндеттемелерге қайшы келетінін және оны қатыгез әрі қорлайтын жаза деп санауға болатынын атап өтті.
Сарапшылар Израиль Жоғарғы Сотының заң жобасын қайта қарауын, оны жүзеге асыру аймақтағы шиеленісті күшейтуі мүмкін екенін ескертті.
Айта кетейік, Израильдің Газадағы шабуылдарынан 2025 жылғы 10 қазаннан бері 702 адам қаза тапты.