20:56, 06 Сәуір 2009
Израиль Президенті Қазғарыш басшысын қабылдады
ТЕЛЬ-АВИВ. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат /Сара Қабиқызы/ - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев басқарған делегация Израиль мемлекетіне жұмыс сапарын аяқтады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Сапар барысында Қазғарыш басшысы Қазақстанның Израиль мемлекетіндегі Елшісі Ғалымжан Оразбақовпен кездесті, Израиль Аэроғарыш агенттігінің бас директоры Цви Капланмен келіссөздер жүргізді, Қазғарыш делегациясы «Израиль авиағарыш өнеркәсібі» компаниясының кеңселері мен өнеркәсіптік нысандарында болды.Сапардың ерекшелігі сол, Қазғарыш делегациясын Израиль Президенті Шерон Перес қабылдады. «Израиль мемлекетінің басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен жылы шырайлы, достық қатынастарын атап өтті, біздің еліміздің ғарыш қызметіне үлкен ықылас білдірді. Израиль президентімен әңгімеде біздің мемлекеттеріміздің ғарыш саласындағы ынтымақтастығының ықтимал жолдары талқыланды», - деді Талғат Мұсабаев.Жұмыс сапарының қорытындылары туралы айта келіп, Қазақстан ғарыш ведомствосының басшысы Израильдің авиағарыш өнеркәсібі әлемде жоғары бағаланатынын және израиль мамандарының әртүрлі спутник жүйелерін жасаудағы тәжірибесі өзінің ғарыш жүйесін құрып жатқан Қазақстан үшін де пайдалы екенін атап өтті. Қазақстанның Израильдегі елшілігінің қолдауымен мәдени бағдарламаға сәйкес Қазғарыш делегациясының мүшелері Иерусалимде, сондай-ақ қасиетті қала маңында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне егілген тоғайда болды. Өткен жылы ТМД еурей қауымдастығы федерациясы қазақстандық тоғайды 18 жас көшетпен толықтырды және онда қазақстандық ғарышкер Талғат Мұсабаевтың құрметіне де ағаш егілді.