Израиль соққыларының салдарынан Газада 57 адам мерт болды
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль әскері сейсенбіден таң атқалы Газаның орталық, солтүстік және оңтүстік бөліктеріне шабуылды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Анадолы.
Шабуылдардың салдарынан 57 адам мерт болды, олардың арасында көмек күткендер де бар.
Денсаулық сақтау саласындағы дереккөздер мен куәгерлердің мәліметінше, Израиль армиясы сейсенбі күні таңертеңнен бері Газа секторының орталық, солтүстік және оңтүстік бөліктеріне шабуылдарын жалғастыруда.
Орталық Газадағы Дейр әл-Балах қаласында «Эль-Баз» отбасына тиесілі үйге жасалған әуе шабуылы салдарынан бір әйел мен алты бала көз жұмды.
Сондай-ақ Дейр әл-Балах қаласының батыс бөлігінде, Бие және Бие көшелерінің қиылысында бейбіт тұрғындар жасырынған ауданға бағытталған шабуыл салдарынан бес палестиналық мерт болды, бірнеше адам жарақат алды.
Нусайрат босқындар лагерінде «Арденис» отбасына тиесілі үй бомбаның астында қалды. Аталған шабуылдан көптеген палестиналық жараланды. Израиль әскері сондай-ақ Бурейк босқындар лагерінде «Эль-Куренави» отбасына тиесілі үйді де атқылады.
Нусайрат лагеріндегі тағы бір шабуыл кезінде бейбіт тұрғындар орналасқан аумаққа соққы жасалып, төрт адам қаза тапты, 20-дан астам адам түрлі деңгейде жарақат алғаны хабарланды.
Нетзарим ауданында гуманитарлық көмек күтіп тұрған адамдарға оқ атылып, 18 палестиналық қаза тапты. Бұл оқиға Газа секторының орталық бөлігіндегі АҚШ пен Израиль құрған көмек тарату орталығының жанында болған.
Бұған дейін Израильдің Газа секторына шабуылды күшейткені туралы хабарланған болатын. Қаланы қираған күйде қалдырған шабуылдардың символына айналған «Мекке мұнарасы» ғимаратының жойылуы аймақтағы гуманитарлық дағдарыстың тереңдей түскенін көрсетіп отыр.
Осыған дейін БҰҰ Бас хатшысы Трамптың Газадағы қақтығысты реттеу жоспарын қолдағаны туралы жаздық.