Израиль террорлық шабуылдан кейін Батыс жағалауда ауқымды рейд жүргізе бастады

АСТАНА. KAZINFORM – Батыс жағалаудағы ахуал еврейлердің діни мерекелері кезінде күрделене түсті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: x.com / @idfonline

Дүйсенбі күні Израиль күштері Шығыс Иерусалимнің солтүстік-батысында орналасқан Бидду елді мекенінде жүріп жатқан ауқымды рейдті жалғастырды. Операция барысында кемінде 53 палестиналық ұсталды. Бұл туралы Anadolu агенттігі Иерусалим провинциясы билігінің дерегіне сілтеме жасап хабарлады.

Палестина тарапының мәліметінше, Израиль әскери қызметшілері үйлерді тінтіп, жергілікті тұрғындардан жауап алып жатыр. Бидду мэрі Назми Мансур Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында бірнеше үйде ондаған жас жігіт ұсталып, жауапқа тартылып жатқанын айтты.

Ол рейд кезінде мүлікке зақым келгенін және күш қолдану жағдайлары болғанын да мәлімдеді. Қаладағы мектептер жабылып, тұрғындар үйлерінен шықпай отыр.

Операция 20 қыркүйек күні таңертең Рамалла қаласының солтүстік-батысында орналасқан, Неве-Цуф немесе Халамиш деп те аталатын Израиль елді мекені маңында болған терактіден кейін басталды.

Израиль әскері мен полициясының мәліметінше, қарулы палестиналық азамат бұлақ маңында жүрген израильдіктерге көліктің ішінен оқ атқан. Бір ер адам ауыр жараланып, кейін ауруханада көз жұмды.

Шабуыл жасады деген күдікті 37 жастағы Бидду тұрғыны қуғын кезінде жарақат алды. Бірнеше сағаттан соң Израильдің «Дувдеван» арнайы бөлімшесінің сарбаздары оны Рамалла маңындағы ауруханада ұстады. Сонымен қатар әскерилер шабуыл кезінде қолданылуы мүмкін қарудың табылғанын хабарлады.

Терактіден кейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху күштік құрылымдарға Батыс жағалаудағы әскери күштерді күшейтуді, ұстау операцияларын жүргізуді және шабуылдау әрекеттерін кеңейтуді тапсырды.

Израиль армиясы Биддуде ондаған рейд жүргізіліп, бригада деңгейіндегі операция өткізілгенін хабарлады. Сондай-ақ шабуыл жасады деген күдіктінің үйін жоспарлы түрде бұзуға алдын ала дайындағанын мәлімдеді.

Осыған дейін Римде өтетін Израиль мен Ливан келіссөздері қазанға шегерілгені туралы жаздық.