Израиль тұтқындалған Global Sumud флотилиясының қатысушыларын депортациялай бастады

АСТАНА.KAZINFORM - Белсенділердің босатылуы Газа секторындағы гуманитарлық флотилияға қатысты Израиль билігінің әрекеті халықаралық сынға ұшырағаннан кейін басталды.

Фото: x.com/gbsumudflotilla

Израиль Global Sumud флотилиясының қатысушыларын депортациялауды бастады, деп хабарлады The Times of Israel.

Адам құқықтары жөніндегі Adalah ұйымының мәліметі бойынша, 430 шетелдік белсендінің басым бөлігі босатылып, кейін Түркияға депортациялау үшін Израильдің Эйлат қаласының маңындағы Рамон әуежайына жеткізілді.

Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фидан Анкараның үшінші елдерден келген түрік азаматтары мен наразылық білдірушілерді елге қайтару үшін арнайы чартерлік рейс ұйымдастырып жатқанын мәлімдеді.

Түркия БАҚ-тарының хабарлауынша, ұсталғандардың арасында 78 түрік азаматы болған. Бұған дейін Испания сыртқы істер министрлігі 44 испан белсендісінің Түркия арқылы депортацияланатынын хабарлаған болатын. Сонымен қатар, Adalah ұйымы Ашкелон соты флотилия қатысушыларының бірі, Израиль азаматы Зохар Регевтің ісін тыңдауды жалғастырып жатқанын хабарлады.

Ұйым мәліметі бойынша, оған «Израильге заңсыз кіру», «елде заңсыз болу» және Газа блокадасын бұзуға әрекет жасау айыптары тағылған.

Адам құқықтарын қорғаушылар бұл айыптауларды «абсурд» деп атап, белсендінің халықаралық суларда ұсталғаннан кейін Израильге өз еркінен тыс әкелінгенін мәлімдеді.

Сейсенбі күні Global Sumud гуманитарлық флотилиясы өз колоннасындағы барлық 50 кеменің халықаралық сулардағы шабуылдардан кейін Израиль тарапынан тәркіленгенін хабарлады.

Израильдің ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир жариялаған бейнежазбалар қосымша наразылық тудырды, онда ұсталған белсенділердің қолдары байланып тізерлеп отырғаны көрсетілген.

Ведомство басшысы Ашдод портына барған кезде әлеуметтік желіге ұсталғандарды қорлап жатқан видео жариялады.

Израиль сыртқы істер министрі Гидеон Саар әріптес министрін сынға алып, Бен-Гвирді мемлекетке зиян келтірді деп айыптады.

-Сіз бұл ұятты әрекетпен біздің мемлекетімізге әдейі зиян келтірдіңіз және бұл бірінші рет емес, - деді Саар өз мәлімдемесінде.

-Сіз көптеген адамдардың – Израиль қорғаныс күштерінің сарбаздарынан бастап Сыртқы істер министрлігі қызметкерлерінің және басқа да көптеген адамдардың кәсіби күш-жігерін жоққа шығардыңыз.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху министр Бен-Гвирдің мінез-құлқы «Израильдің құндылықтары мен нормаларына сәйкес келмейді» деп мәлімдеді.

Оқиғадан кейін Еуропалық Одақ пен оған мүше мемлекеттердің басшылығы теріс реакция білдірді. Сонымен қатар, Франция, Канада, Испания, Португалия және Нидерланд израильдік дипломаттарды түсінік беруге шақырды.

44 елден шыққан 428 адам тиелген флотилия өткен бейсенбіде Түркияның Мармарис қаласынан 2007 жылдан бері қолданылып келе жатқан Газа секторын Израиль блокадасынан бұзу үшін жаңа әрекет жасап көруге талпынған болатын.

Осыған дейін Израильдің Газа маңындағы гуманитарлық флотилияға қатысты әрекетін он ел айыптағанын жаздық.