Израиль Жоғарғы сот туралы даулы заң жобасын қабылдады

ТЕЛЬ-АВИВ. ҚазАқпарат – Израиль парламенті алты айға жалғасқан наразылық шараларына қарамастан Жоғарғы сот туралы даулы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат CNN-ге сілтеме жасап.

Фото: PublicDomainPictures/Pixabay

64 парламент мүшесі мақұлдап, қарсы шыққандар болмаған заң жобасы Жоғарғы сотты Израиль үкіметінің негізсіз деп тапқан әрекеттерін тоқтату құқығынан айырады. Бұл – сот билігін шектеуге бағытталған реформалардың ішінде мақұлданған алғашқысы. Қарсылық танытушылардың пікірінше, реформа елдегі демократия негіздеріне қайшы келеді. Өткен аптада Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху заң жобасына қатысты дауыс беруден бас тартуы, тіпті кейбір бөліктерін жұмсартуы мүмкін деген қауесет тарағанымен, 73 жастағы көшбасшы, керісінше, оны қолдап, кеше ауруханадан шыққаннан кейін парламентке келді. BBC News жазуынша, дүйсенбі таңертең Израиль парламенті ғимараты жанындағы бульварды жауып қалған наразы топқа суатқышпен оқ атылған. Жергілікті БАҚ ақпараты бойынша, қарсылыққа шыққан бір адам жараланып, алтауы тұтқындалған. Наразы топтың басқа өкілдері полиция фургонын қоршауға алып, офицерлерге «масқара» деп дауыстады. Даулы реформа Израиль тарихындағы ең күрделі ішкі дағдарысты тудырды. Жыл басынан бері жүз мыңдаған демонстрант апта сайын көшеге шығып, демократияға шабуыл жасалғанына қарсылық білдіреді. Үкімет реформа демократияны нығайтатынын, кейінгі онжылдықта Жоғарғы соттың саясатқа билігі көп болып кеткенін айтты.

Бұған дейін Израильдің Тель-Авив қаласында 150 мыңнан астам адам сот реформасына қарсы тағы да шеруге шыққанын жазған едік. Жыл басынан бері 28-рет митингіге шыққан жұрттың қалауы – парламенттің өкілеттігін күшейтіп, Жоғары Соттың құзыретін шектейтін сот реформасынан бас тарту.