Астанада рұқсат етілмеген үйінділердің 90%-дан астамы құрылыс қалдықтары — статистика

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласы әкімдігінде қала әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркеновтің төрағалығымен елорда құрылысшыларының қатысуымен кеңес өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жиында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін азайту шаралары талқыланды.

Ресми деректерге сәйкес, елордадағы рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің 90%-дан астамы — құрылыс қалдықтары, олардың 20%-ы — бұзылған ғимараттардан қалған қалдықтар. Тек 2024 жылдың өзінде Астанада осындай 414 үйінді анықталған.

Проблеманы шешу үшін 2025 жылдың 13 мамырынан бастап қалалық мәслихат мақұлдаған құрылыс қалдықтарын басқару қағидалары күшіне енді. Пилоттық жоба аясында «Smart Waste» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Бұл жүйе қалдықтардың құрылыс алаңынан бастап полигонға дейін толық цифрлық бақылануын қамтамасыз етеді.

Фото: Астана әкімдігі

Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Досқұловтың мәліметінше, қазіргі уақытта 1000-нан астам рейс жасалып, 14 500 тоннадан астам құрылыс қалдығы шығарылған. Барлық нысанның цифрлық картасы жасалған, бұл қалдықтардың пайда болу көздерін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жазға дейін халыққа ірі көлемді және жөндеу қалдықтарын заңды түрде шығару үшін онлайн-сервисті іске қосу жоспарланып отыр.

Жаңа қағидалар аясында құрылыс салушылар мен мердігер ұйымдар міндетті:

• жобалық және экологиялық құжаттамаға сәйкес қалдықтардың көлемін есепке алуға;
• нысандарда арнайы контейнерлер қойылған эко-аймақтар ұйымдастыруға;
• GPS жабдықталған тіркелген тасымалдаушылармен келісімшарттар жасасуға;
• әрбір рейсті жүйе арқылы тіркеуге (салмағы, бағыты, полигонға түсіру дерегі);
• барлық мәліметті тапсыруға.

Бұдан бөлек, полигонға қалдықтар тек ресми тіркелген нысандар мен Smart Waste жүйесінде жұмыс істейтін тасымалдаушылардан ғана қабылданады. Қағидаларды бұзған жағдайда құрылысшылар мен тасымалдаушыларға айыппұл салынады.

— Біздің міндетіміз — қалдықтарды басқарумен ғана шектелмей, құрылысшылар мен мердігерлер арасында тұрақты экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Біз барлық кезеңде ашықтық пен жауапкершілікті қамтамасыз етуіміз керек, — деп атап өтті қала әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов.

Барлық қалдық көзі нақты уақыт режимінде бақылауға болатын цифрлық картада тұрақты түрде белгіленіп отырады.

Бұған дейін көшеде төбелескен елордалық көлік жүргізушілері бес тәулікке қамалды.