Израильде мыңдаған адам тұтқындарды босатуды талап етіп, наразылық білдірді
АСТАНА. KAZINFORM — Тель-Авивте Израиль билігі мен әлемдік көшбасшылардан тұтқындарды кез келген бағамен босатуды талап еткен ауқымды акция өтті, деп хабарлады DW.
Акцияға қатысқандар саны туралы әртүрлі ақпарат көздері әрқалай мәлімет береді: AFP агенттігі шамамен 60 мың адам жиналды десе, The Times of Israel басылымы шамамен 10 мың адам деп жазады.
Митинг Тель-Авив көркемсурет музейі жанындағы үлкен алаңда өтті. Бұл жер «тұтқындар алаңы» деп аталып кеткен. Акцияны ұйымдастыруға себеп болған жайт — ХАМАС пен онымен одақтас «Исламдық жиһад» ұйымының Израильдік тұтқындар Эвьятар Давид пен Ром Браславскидің видеоларын жариялауы. Видеода екеуі де әбден әлсіреп, шаршаған күйде көрінеді. Давид видеода өзін «Газа секторындағы туннельде өз қабірін қазып жатырмын» деп қорқады.
Митингте сөз сөйлеген Эвьятардың ағасы Илай ХАМАС-ты тұтқындарды «аштық арқылы азаптаудың тірі тәжірибесі» ретінде пайдалануда деп айыптап, Давид пен басқа тұтқындарға Газа секторына жіберілетін гуманитарлық көмектің жеткізілуін талап етті.
— Олардың қазіргі сұмдық жағдайда өмір сүруіне бірнеше күн ғана қалған болуы мүмкін, — деді Илай.
Ром Браславскидің әкесі Офер Израиль үкіметін ұлына көмек көрсетпей, оны тағдыр тәлкегіне тастап қойғаны үшін сынға алды. Оның айтуынша, бұл жағдай 666 күннен бері жалғасып келеді.
— Мен ұлымды көрдім, бірақ оны тани алмадым. Менің ұлым Ром аштық пен шөлден қиналып кетті, ол физикалық тұрғыдан әлсіреген, рухани жағынан күйреген. Менің балам өліп бара жатыр, — деді ол.
Ол Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды соғысты тоқтату және барлық тұтқындарды босату жөнінде жан-жақты келісімге қол жеткізуге шақырды.
— Бөлек-бөлек келісімдер жасау стратегиясы сәтсіз болды, — деді тұтқынның әкесі.
Тұтқындардың туыстары Трамптың өкілімен кездесті
АҚШ президентінің Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стивен Уиткофф митинг кезінде «тұтқындар алаңына» келді. Оны қатысушылар қошеметпен, «Оларды дереу үйге қайтарыңдар!» деген ұрандармен қарсы алды, деп жазады AFP.
Трамптың өкілі Вашингтонның ХАМАС-пен жасалған жеке-жеке келісімдерге көңілі толмайтынын және енді Газа секторындағы қақтығыстарды тоқтату мен барлық тұтқындарды босатуды көздейтін жан-жақты келісімге ұмтылып отырғанын айтты.
Кейін Уиткофф көрші ғимаратта тұтқындардың туыстарымен кездесті. The Times of Israel басылымының жазуынша, тұтқындар отбасыларының форумы осы кездесуден кейін Уиткоффтың «жеке өзі және Трамппен бірге» палестиналық содырлар қолында қалған израильдіктерді босатуға күш салуға уәде бергенін хабарлады.
Бұған дейін ХАМАС Газа секторындағы гуманитарлық блокада алынбайынша келіссөздер жүргізуден бас тартқан болатын.