Израильде сайлау қарсаңында Иранға соққы беру мәселесі талқыланды

АСТАНА. KAZINFORM — Израильде парламент сайлауы қарсаңында Иранға қарсы әскери соққыларды қайта бастау мәселесі саяси тартысқа себеп болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: x.com / @israelipm

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху 27 қазанда өтетін Кнессет сайлауы қарсаңында Иранға алдын ала соққы беруді қолдамайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол сәрсенбі күні Израиль армиясының радиосына берген сұхбатында айтты.

Ол бұл пікірін сайлау алдында әскери қақтығысқа ұмтылып отыр деген саяси қарсыластарының айыптауына жауап ретінде білдірді.

Сонымен қатар Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац Иранның шабуылына «Хезболла» қосылған жағдайда, Ливанның оңтүстігінде Израиль армиясы бақылауындағы аумақты кеңейтетінін ескертті.

Ливан аумағындағы Израиль жариялаған қауіпсіздік аймағына барған Исраэль Кац армияның жаңа құрлықтағы операцияға дайын екенін мәлімдеді.

— «Хезболла» ауыр соққыға ұшырап, Ливанның оңтүстігіндегі Набатия мен Литани өзені маңындағы аумақтардан тағы да айырылады. Бұл жерлер Израильдің тұрақты қауіпсіздік аймағына айналады, — деді министр.

Кац Бейруттың оңтүстік маңындағы «Хезболла» инфрақұрылымына соққы жасалатынын ескертіп, жаңа қақтығыс басталған жағдайда миллионнан астам ливандық шииттің баспанасын тастап, босып кетуі мүмкін екенін айтты.

Еске сала кетейік, өткен аптада Трамп 3 қарашада өтетін АҚШ-тағы парламент сайлауына дейін Иранға шабуыл жасамайтынын хабарлаған еді.