Израильде түрмелерді күзетуге қолтырауындар тартылмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Израильде түзеу мекемелерінің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған ерекше жоба жүзеге асырыла бастады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.

Фото: Ynet/Shutterstock

Елдің оңтүстігіндегі Кциот түрмесінің бір корпусының айналасында арнайы ор қазу жұмыстары басталды. Мұнда ХАМАС қозғалысының мүшелері мен қауіпсіздікке қатысты істер бойынша сотталған өзге де палестиналық тұтқындар жазасын өтеп жатыр.

Ynet пен The Times of Israel басылымдарының мәліметінше, құрылыс жұмыстары қазірдің өзінде басталған. Бұл жобаның іске асырылып жатқанын Израильдің Ұлттық қауіпсіздік министрлігі де растады.

Жобаның бастамашысы — Израильдің ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир. Оның жоспарына сәйкес, Ніл қолтырауындары жіберілетін орлар түрмеден қашудың алдын алатын қосымша қорғаныс құралы әрі тұтқындарға психологиялық әсер ету тәсілі болмақ.

Жобаны жүзеге асыру үшін Израильдің қоршаған ортаны қорғау министрі Идит Сильман жуырда Ніл қолтырауынының құқықтық мәртебесін өзгертіп, оны «қолға үйретілген жабайы жануарлар» санатына енгізді. Соның арқасында бұл жануарларды пилоттық жоба аясында түзеу мекемелерінде пайдалануға мүмкіндік туды.

Орларды салуға 21 млн шекель (шамамен 3,3 млрд теңге) бөлінді.

Бен-Гвир кеңсесінің мәліметінше, жоба қазірдің өзінде іске асыру кезеңіне өткен.

— Мұны әзіл деп ойлағандар қателесті, — деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Жергілікті биліктің хабарлауынша, ор түрме аумағының ішінде салынып жатыр және сырттан көрінбейді. Ұлттық қауіпсіздік министрлігі қолтырауындарды күтіп-бағу мен ұстаудың егжей-тегжейлі жоспары әзірленгенін мәлімдеді.

Израиль БАҚ-тарының мәліметінше, бауырымен жорғалаушылар орналастырылатын ордың ұзындығы шамамен 170 метр болады. Әзірге оған шынымен қолтырауындар жіберіле ме, жоқ па — белгісіз. Дегенмен, қажетті инфрақұрылым қазірдің өзінде салынып жатыр.

Сонымен қатар бұл бастама Израильдің Табиғат және ұлттық парктер басқармасының сынына ұшырады. Мамандардың пікірінше, қолтырауындарды түрме күзетінің бір бөлігі ретінде пайдаланудың ғылыми әрі кәсіби негізі жоқ. Сондай-ақ мұндай жоба адамдар мен қоршаған орта үшін қауіп төндіруі мүмкін.

Ніл қолтырауындары тарихи тұрғыда қазіргі Израиль аумағында мекендегенімен, XX ғасырдың басында табиғаттан жойылып кеткен. Қазір бұл жыртқыштар тек арнайы фермалар мен хайуанаттар бақтарында ғана ұсталады.

Соңғы жылдары сондай фермалардың бірі қолтырауын саудасына тыйым салынғаннан кейін және бұл жануарлар қорғалатын түрлер қатарына енгізілген соң елеулі қаржылық әрі ұйымдастырушылық қиындықтарға тап болған.

Бұған дейін Қытайда су тасқыны кезінде фермадан 75 қолтырауын қашып кеткені белгілі болды.