Израильдік қару-жарақ шығаратын Rafael компаниясы Франция үкіметін сотқа бермек

Фото: Thibault Camus/Copyright

АСТАНА. KAZINFORM – Израильдің қорғаныс саласындағы Rafael компаниясы Франция үкіметін сотқа бермек. Бұл шешім Францияның Ле-Бурже қаласында өткен халықаралық авиа-ғарыш көрмесінде Израильдің бес компаниясы — Israel Aerospace Industries (IAI), Rafael, UVision, Elbit және Aeronautics — орналастырылған павильондарға кіруге тыйым салынғаннан кейін қабылданған, деп жазды Euronews.

Франция билігі мұндай шектеуді көрмеге қойылған шабуылдық қару-жарақ Газа секторында қолданылуы мүмкін деген уәжбен түсіндірген. Израильдік компания өкілдері бұл шешімге қатты наразылық білдіріп отыр.

– Біз Франция үкіметін қаржылық шығын келтіргені және жалға алған мүлкімізге қолжетімділік бермегені үшін сотқа бергелі отырмыз. Егер сізде заңды түрде жалға алынған мүлік болса, ал біреу оған кіруге тосқауыл қойса – бұл заңға қайшы. Сондықтан біз бұл әрекетті әділетсіздік деп есептеп, сотқа жүгінеміз, – деді Rafael компаниясының атқарушы вице-президенті Шломо Тоафф.

Тоафф көрменің алдында болған жайттарды былай деп баяндады:

– Бұл павильонды біз бір жыл бұрын жалға алғанбыз. Стендтің сызбасын бірнеше ай бұрын француз билігіне жібердік. Барлық жабдықпен кеденнен өттік – бұл шамамен бір ай бұрын болды. Алайда көрменің қарсаңындағы түнде олар ешқандай ресми ескерту жасамастан біздің павильонды қоршауға алды, – деді ол.

Elbit Systems компаниясы да өз стендінің жабылуына байланысты Париж билігін кемсітушілік жасады деп айыптады.

– Мен қатты көңілім қалды. Біз бұл көрмеге көп қаржы салдық. Бұл шешімнің логикасын түсінбей отырмыз. Біздің ойымызша, бұл — кемсітушілік, себебі басқалар да дәл сондай жүйелерді көрсетіп жатыр, – деді Elbit Systems компаниясының аға вице-президенті Сассон Мешар.

Бірақ Франция премьер-министрі үкімет шешімін қорғап отыр.

– Францияның дипломатиялық ұстанымын, әсіресе Газа секторындағы жағдайға қатысты алаңдаушылығын ескере отырып, біз мұндай көрмеде шабуылдық қарудың болуы орынсыз екенін білдіруіміз қажет болды, – Франция премьер-министрі Франсуа Байру.

Айта кетейік, Rafael, Elbit және IAI — басқарылатын бомба мен зымырандар, ал UVision — дрондар шығарады.

Шломо Тоафф көрме кезіндегі тағы бір жайтты айтып берді:

– Бүгін таңертең көрме қызметкері келіп, егер жабдықтың бір бөлігін алып тастамасам, павильон қабырғаларын құлататынын айтты. Мен бұған: “Ештеңе алмаймын. Сіздерде шешім қабылдауға жеткілікті уақыт болды, бірақ бәрін түнде жасауды таңдадыңыздар, – деп жауап бердім.

Бұл — Израильдік қару өндіруші компаниялар Францияда тосқауылға алғаш рет ұшырап отырған жағдай емес. Былтыр маусымда оларды Eurosatory жерүсті қару-жарақ көрмесіне, ал қарашада Euronaval әскери-теңіз көрмесіне қатыстырудан бас тартқан. Дегенмен сол кезде Израиль бұл шешімді Франция сотында сәтті даулаған болатын.

Еске сала кетейік, бұған дейін Францияның Страсбург қаласында Еуропарламенттің кезекті көшпелі сессиясы барысында еурокомиссия Израильге қару-жарақ жеткізбейтінін айтқан еді.