Израильдің әуеден жасаған соққысынан Газа секторы орталығында 70 адам қаза тапты

ХАМАС қозғалысы басқаратын Газа денсаулық сақтау министрлігі жексенбі күні сектордың орталық бөлігіндегі әл-Магази босқындар лагеріне Израиль соққы жасап, 70 адам қаза тапқанын мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Фото: Midjourney

Министрлік өкілі Ашраф Аль-Кудра осы ауданда тұратын адамдар санын ескере отырып, қаза болғандар саны өсуі мүмкін деп болжады.

«Аль-Магази босқындар лагеріне әуеден соққы жасалғаннан кейін әл-Ақса ауруханасына ондаған адамның мәйіті жеткізілді», — деп хабарлайды AlJazeera.

Жұма күні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Газаға көмек көлемін арттыру туралы резолюциясы қабылданғаннан кейін әуеден жасалған соққы саны артты. Оны жергілікті тұрғындар мен палестиналық БАҚ растап отыр.

Газа денсаулық сақтау министрлігі Ашрафа Аль-Кудраның сөзінше, соққы салдарынан халық тығыз орналасқан кварталдың тас-талқаны шыққан.

Аурухананың алдын ала деректері бойынша, қаза тапқан 68 адамның қатарында 12 әйел мен жеті бала бар.

Палестиналық Қызыл ай қоғамы дерегінше, жедел жәрдем бригадасы мен құтқарушылар негізгі жолдар жойылғандықтан кедергілерге тап болған, тиіс орындарға жете алмай жатыр.
Израиль әскері Магазидегі оқиға туралы ақпаратты қарастырып, бейбіт тұрғындарға мүмкіндігінше залал келтірмеуге тырысатынын мәлім етті.

«Газадағы ХАМАС лаңкестері тудырған мәселелерге қарамастан, ЦАХАЛ халықаралық құқықты, оның ішінде бейбіт тұрғындарға тиетін зиянды азайту жолын ұстанады», — деп мәлімдеді Израиль қорғаныс әскері.

ЦАХАЛ Аль-Магазиге жасалған шабуылды тергеп жатқанын хабарлады.

Соғыс басталғалы Израиль ХАМАС-ты өз бейбіт тұрғындардың өліміне кінәлап келеді. Олардың пікірінше, палестиналық топ әскери инфрақұрылымын азаматтар тұратын аудандарға салып тастаған.

Associated Press агенттігі ХАМАС денсаулық сақтау органдары кейінірек қаза болғандар саны 70 емес, 68 екенін айтты деп жазды.

Дүйсенбіге қараған түні Израиль ӘӘК Газа секторының орталық бөлігіне тағы шабуыл ұйымдастырды. Соққылар аль-Магази және Бурейдж босқындар лагеріне бағытталып, құрбандар саны артты. Кейінгі 12 сағатта жүздеген адам өлтірілгені хабарланды. Олардың басым бөлігі — әйелдер мен балалар.

7 қазаннан бері Израиль шабуылы салдарынан 20 400-ден астам палестиналық мерт болды. 7 қазандағы ХАМАС соққысынан 1139 Израиль азаматы қаза тапты.

БҰҰ хабарлауынша, Газа секторында екі миллионға жуық адам азық-түлік пен су жетіспеуінен зардап шегіп отыр. Бағалау бойынша, су қорының 96%-і адам тұтынуға жарамсыз. Алғашқы қажеттілік заттары, оның ішінде ауыз су мен дәрі-дәрмек жетіспей жатыр.

Бұған дейін Израиль билігі Газа секторының оңтүстігіндегі халықты дереу көшіруге бұйырғаны хабарланған болатын.

Сондай-ақ Израильдің Газа секторына соққылары салдарынан 7 қазаннан бері 20 258 адам мерт болды, тағы 53 688-і жарақат алғанын жазған едік.