Израильдің Газа секторына жасаған соққысынан БҰҰ-ның бір қызметкері көз жұмды

АСТАНА. KAZINFORM – Израильдің Газаға жасаған соққысынан БҰҰ демеушілік ететін ұйымның бір қызметкері қаза тауып, бесеуі жараланды. Бұл туралы Палестина анклавының денсаулық сақтау министрлігі хабарлады, деп жазады ТАСС.

Фото: Анадолы агенттігі

– БҰҰ-ға қарасты ұйымдарда жұмыс істеген 6 шетелдік азамат Газаның орталығындағы әуе шабуылы кезінде жарақат алды. Олардың бірі Шуһада әл-Ақса ауруханасына жеткеннен кейін көз жұмды, - деп жазады Газа Денсаулық сақтау министрлігі Telegram арнасында. 

Дәрігерлер жарақат алғандардың жағдайы ауыр екенін айтты. 

Өз кезегінде мысырлық «Әл-Кахира әл-Ихбария» телеарнасы дереккөздерге сілтеме жасап, оқ жауған БҰҰ қызметкерлері Газа секторын миналардан тазартумен айналысқанын мәлімдеген. Оқиға анклавтың орталық бөлігіндегі Дейр-эль-Балах қаласының аймағында болды. 

18 наурызда Израиль қорғаныс күштері Газа секторындағы ХАМАС нысандарына жаппай соққы берді. 

Нетаньяху бұдан былай ХАМАС-пен келіссөздер тек оқ астында жүргізілетінін мәлімдеген. 

Айта кетейік, Израильдің Газадағы шабуылдарынан қаза тапқандар саны 48 543-ке жетті.