Израильдің Газаға жасаған әуе шабуылынан 18 адам қаза тапты

Фото: Фото: Anadolu Agency

АСТАНА. KAZINFORM — Израиль армиясының Газа секторының әртүрлі аймақтарына, соның ішінде босқын палестиналықтардың паналаған мектебіне қайта-қайта шабуылы салдарынан 18 адам қаза тапты, деп жазады Анадолы.

Палестиналық медициналық ақпарат көздері Израиль күштерінің Газа секторының солтүстігінде босқын болған палестиналықтарды орналастырған Фатма бинт Асад мектебіне соққы бергенін хабарлады. Израиль ұшақтары ғимаратқа екі рет шабуыл жасап, 16 адамды, соның ішінде әйелдер мен балаларды өлтірді.

Куәгерлердің хабарлауынша, Израиль күштері Газаның шығысындағы Туффах аймағындағы бірнеше ғимаратты ауыр атқылау арқылы қиратты.

Сонымен қатар, Израильдің ұшқышсыз ұшағы Газа секторының орталығындағы Нусейрат палестиналық босқындар лагеріндегі Хаммад әл-Хасаната мешітінің жанындағы аймаққа шабуыл жасап, жас қызды өлтірді.

Сондай-ақ бірнеше күн бұрын Бурейдж лагеріндегі Абу Хамис мектебін атқылау кезінде жараланған палестиналық алған жарақатынан қайтыс болды.

Еске сала кетейік, Газада 1500-ге жуық палестиналық көру қабілетінен айырылған.