Израильдің «Хезболлаға» жасаған ең ірі шабуылынан 180-нен астам адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM – Ливан елінің денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, дүйсенбі күні Израиль әуе күштерінің Ливандағы «Хезболла» нысандарына жасаған соққыларынан 180-ден астам адам мерт болып, тағы 700-і жарақат алды, деп хабарлайды ВВС.
- Бұған дейін ел тұрғындарының телефондарына Израильден эвакуациялауға шақыратын аудио жолдамалар келген, деп хабарлады Ливан мемлекеттік БАҚ.
Бұл Газада бір жылға жуық қақтығыс кезінде Израильдің «Хезболла» әскери тобына қарсы ең кең тараған әуе шабуылдары тұсында болды.
«Бейрут пен бірнеше аудандардың азаматтары израильдік жаудан стационарлық телефондар арқылы ескертулер алып, тез эвакуациялануға бұйрық алды», - делінген Ливанның ресми ұлттық ақпарат агенттігінің (NNA) мәлімдемесінде.
Ливанның ақпарат министрі Зиад Макаридің хабарлауынша, оның кеңсесіне де дәл осындай ескертумен қоңырау шалынған. Макари бұны Израиль жүргізген психологиялық соғыстың бөлігі деп атады.
ВВС-дің Бейрут қаласындағы тілшісі Нафис Коннавардтың хабарлауынша, дүйсенбі күні таңертең Ливанның оңтүстігіндегі тұрғындардың телефондарына «Хезболла» қару сақтау үшін пайдаланады деп саналатын тұрғын үйлерден аулақ жүруді ескерткен мәтіндік және дауыстық хабарламалар келді.
Әлеуметтік желіде тараған бір бейнеде кент тұрғынына Израиль операциясы жалғасып жатқанын және «жаңа кезеңге» кіргені айтылған дыбыстық хабарлама келгені көрсетілген.
«Егер сіз «Хезболла» пайдаланатын кентте болсаңыз, өз қауіпсіздігіңіз үшін ол жерден дереу кетіңіз», - делінген дыбыстық хабарламада.
Ogero мемлекеттік телекоммуникация компаниясының басшысы Имад Крейдие AFP агенттігіне «Ливанның стационарлық жүйесі Израильден келетін барлық хабарламаларды бұғаттап отырғанын», бірақ Израиль «достық елдің халықаралық телефон кодын пайдалану арқылы байланыс жүйелерін айналып өтіп жатыр» деді.
Ogero мәліметінше, Израиль қызметтері 80 мыңнан астам ескерту қоңырауын жасаған.