Вице-президент Израиль «өзін-өзі қорғауға құқылы» екенін, бірақ «ХАМАС пен палестиналықтарды шатастырмау керектігін» баса айтты.
Оның сөзінше, палестиналықтар израильдіктермен қатар қауіпсіздікке, өз тағдырын өзі шешуге, және құрметке лайықты.
Харрис сонымен қатар Израиль-Палестина қақтығысында соғыс ережелерін ұстану қажеттігін атап өтті. Ал Иранды бұл мәселеге араласпауға шақырды.
7 қазан күні таңертең ХАМАС-тың «Изз ад-Дин әл-Қассам бригадалары» әскери қанаты Израильге қарсы «Әл-Ақса тасқыны» операциясының басталғанын хабарлады. Газа секторынан Израильге қарай мыңдаған зымыран атылып, қарулы топтар Израиль елді мекендеріне басып кірді.
ХАМАС бұл операцияның оккупацияланған Шығыс Иерусалимдегі Әл-Ақса мешітіне жасалған шабуыл және израильдік қоныстанушылар тарапынан палестиналықтарға зорлық-зомбылықтың күшеюіне жауап ретінде жасалғанын айтты.
Бұған жауап ретінде Израиль армиясы ондаған жойғыш ұшақты пайдаланып, Газа секторында ХАМАС-қа қарсы «Темір қылыштар» операциясын бастайтынын мәлімдеді.
Израиль-Палестина қақтығысы ушыға бастағаннан бері 8 мыңнан астам палестиналық қаза тапты. Ресми дерек бойынша, көз жұмған палестиналықтардың 70 пайызға жуығы – әйелдер мен балалар.
Израильде қаза болғандар саны 1400 адамнан асты.
Газа секторының 2,3 млн тұрғыны Израильдің жаппай әуеден бомбалауынан және анклавтың толық блокадасы салдарынан болған азық-түлік, су және дәрі-дәрмек тапшылығынан зардап шегіп отыр.
БҰҰ Бас Ассамблеясы гуманитарлық жүк жеткізу үшін атысты дереу тоқтатуға шақырды. Бұл ретте Иордания ұсынған қарарды 120 мемлекет қолдады. Алайда Израиль бұл ұсынысты қабылдамады.