Jaguar Land Rover-ге жасалған кибершабуыл шығыны 2,5 млрд доллардан асты

Фото: jlr.com

АСТАНА. KAZINFORM – Тамыз айының соңында автокөлік өндіруші Jaguar Land Rover (JLR) компаниясына жасалған кибершабуыл салдарынан келген шығын шамамен 1,9 миллиард фунт стерлингті (2,53 миллиард АҚШ доллары) құрады. Бұл – Ұлыбритания тарихындағы экономикалық салдары ең ауыр кибершабуыл, деп хабарлайды Kazinform ВВС агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл туралы Cyber Monitoring Centre (CMC) сарапшылары мәлімдеді. Шабуылдан кейін JLR компаниясының бүкіл әлем бойынша IT-жүйелері істен шығып, өндіріс бес апта бойы тоқтап қалды. Ал бұл келеңсіздік жеткізу жүйесінің бәріне әсер етті. Жалпы алғанда бес мыңға жуық компания зардап шекті, ал толық қалпына келтіру жұмыстары 2026 жылдың қаңтарынан ерте болмайды деп болжануда.

Залалдың жартысынан астамын JLR-дің өзі көтермек – бұл өндірістің тоқтап қалуынан болған шығын мен қалпына келтіру шараларына жұмсалатын қаражат. Қалған бөлігі жеткізушілер мен жергілікті экономикаға түсетін ауыртпалық ретінде бағаланып отыр.

Компания CMC бағалауларына түсініктеме беруден бас тартқан, алайда өндірістің біртіндеп қайта жанданғанын растады.

Сарапшылар бұл оқиғаны бүкіл бизнес үшін дабыл қағарлық белгі деп атап өтті және сенімді киберқауіпсіздік жүйесінің маңыздылығын ерекше атап көрсетіп отыр.

Айта кетсек, Jaguar Land Rover тәулігіне 1000-нан астам көлік шығарады. Компанияның зауыттары Ұлыбританиядағы Солихалл және Хейлвуд қалаларында орналасқан, қозғалтқыш өндірісі Вулверхэмптонда жүргізіледі. Сондай-ақ компанияның Словакия, Қытай және Үндістанда кәсіпорындары бар. Jaguar Land Rover үндістандық Tata Motors компаниясына тиесілі.

JLR-ге жасалған кибершабуыл – биыл Ұлыбританияда тіркелген алғашқы ірі хакерлік оқиға емес. Көктемде M&S пен Co-op дүкендер желілері де кибершабуылға ұшыраған. Сондай-ақ әйгілі Harrods әмбебап дүкені де хакерлердің нысанасына айналды.