Jas Qazaq: Бурабайда шетелде тұратын қазақ балаларына арналған этнолагерь ашылды

БУРАБАЙ. KAZINFORM – Бурабайда шетелдегі қазақ балаларына арналған жазғы лагерь ашылды. Мұнда қазақ тілі, тарихы, ұлттық ойындар үйретіледі. Jas Qazaq лагерін «Отандастар» қоры ұйымдастырып отыр.

Фото: «Отандастар» қоры

Биыл бұл лагерьде АҚШ, Түркия, Польша, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қытайдан келген этникалық қазақ балалары демалады. Олардың бәрі қор ұйымдастырған түрлі байқаулардың жеңімпазы.

- Бұл «Отандастар» қорындағы ерекше жобалардың бірі. Jas Qazaq этнолагері биыл 5-ші рет өткізіліп жатыр. Мұнда балалар демалып қана қоймайды. Бұл шетелдегі қазақ балалары тарихи отанына келіп, рухани мәдениетін жүрекпен сезетін алып сапарлардың бірі. Балалар қазақ тілін, тарихын, әдебиетін, салт-дәстүрін тереңірек оқып, танысады, – дейді Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына онлайн сұхбат берген «Отандастар» қорының вице-президенті Әлібек Жұрқадам.

Ұйымдастырушылар болашақта жобаны бұдан да ауқымды етіп өткізуді жоспарлап отыр.

- Бұған дейін шамамен 700-ден аса бала қатысты. Ал бүгін 130 бала қатысып отыр. Мұнда әлемнің 9 елінен этникалық қазақ балалары келді. Лагерь 7 шілде күні басталып, 20 шілдеге дейін жалғасады. Осы аралықта балаларға домбырадан сабақтар өткізіледі, түрлі байқаулар ұйымдастырылады. Бұл іс-шараны жыл сайын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта балалардың санын арттырғымыз келеді. Қосымша қаржыландыратын болса, жобаны үлкейту мақсатымыз бар. Өйткені бұл өте қажетті шара, – дейді қордың вице-президенті.

Айта кетейік, бірнеше күн бұрын Төлеби ауданында балаларды жазғы сауықтыруға арналған модульді лагерь ашылған еді.