Jibek Joly арнасы Жаңа жыл кешінде мюзикл көрсетеді

31 желтоқсан күні кешкі сағат 19.00-де Jibek joly телеарнасы «Бір ел – бір отбасы» атты жаңажылдық фильм-концертті көрермен назарына ұсынады, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Jibek Joly

Жібек есімді қаршадай қыз жаңа жыл күні жалғыз үйде қалады. Оған басты себеп — денсаулығы сыр берген әжесінің ауыр жағдайы.

Ата-анасы науқастың жанынан табылып, дертіне шипа болу үшін алыс жолға шыққан еді. Жібек жолына үйде жалғыз қалғаны туралы, ал жаңа жыл түнін ата-анасымен қарсы алуды қалайтынын Jibek joly арнасына жолдайды.

Бұл жағдайды Жібектің ата-анасы радио арқылы естіп, уайымға салынады. Олар көлігі сынып, жол ортасында қалған еді.

Ерлі-зайыптылар Jibek joly журналистерімен байланысып, оқиғанның мән-жайын түсіндіреді. Осы сәттен бастап, телеарна қызметкерлерімен бірге тұтас қазақ елі көмек қолын созуға кірседі.

Сюжеттік желінің идеологиясы — «Бір ел — бір отбасы». Яғни, жаңа жылды жанұядан бөлек, ел, қауым боп қарсы алудың мәні экрандалады.

Қиын кезде көмек қолын созған мейірімді жандардың адамгершілігі, жақсылық жасап жарысқан жұлдыздардың үлгіболарлық іс-әрекеті көрерменді сүйсіндіреді.

Фильм аясында жаңа жылдық хит әндер шырқалып, театрландырлыған би қойылады. Жібектің ата-анасы рөлін Бүркіт пен Аиша ойнайды.

Белгілі әнші Тамара Асар — дәрігер, Жігер Аупбаев — орманшы, Айқын мен Жұлдыз — спортшылар, Ғазизхан Шекербеков — полиция қызметкері, Мәдина Сәдуақасова — сиқыршы сынды түрлі кейіпкерді сомдап, ән шырқайды.

Қарқынды дамитын күлкілі киносюжет, түрлі образдағы жұлдыздар кейпі ұмытылмас эмоция сыйламақ.

Түсірілім ну орман ішіндегі үйлерде түсірілген.

Осылайша көрермен ертегі әлеміне ұқсас тамаша көрініске куә болады.