Jibek Joly арнасынан Ләйлә Сұлтанқызының «Ана болғым келеді» бағдарламасы эфирге шықты
Алғашында қайырымдылық-әлеуметтік бағыттағы тележоба бедеулік дертіне шалдыққан ерлі-зайыптыларға көмек көрсету мақсатында былтыр Ләйлә Сұлтанқызының Instagram әлеуметтік желісінде басталған болатын.
Бұл бастамаға түрлі себептермен «Аңсаған сәби» мемлекеттік квотасына іліне алмаған (генетикалық ауытқу, жасының үлкендігі, АМГ мөлшерінің төмендігі және т.б. себептерге байланысты) сәбилі болуды армандап жүрген отбасылар таңдап алынған болатын.
Елімізде ЭКҰ бағдарламасын жасатудың орташа құны - 2 млн теңге. Бұндай көлемдегі қаражатты жинауға Ләйлә Сұлтанқызының оқырмандары мен қайырымды жандар көмек көрсеткен еді.
Осы жобаға қатысқан қызылордалық Айнұр есімді бесінші пациент жүкті болып, жақында сәбиін өмірге әкелді.
«Ана болғым келеді» жобасының алғашқы маусымында тағы да қайырымды жандардың көмегімен алты пациент ЭКҰ бағдарламаға таңдап алынды.
Бүгінде жоба аясында жалпы саны 11 жұп ЭКҰ бағдарламасынан өтіп жатыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 20-ға дейін жеткізу жоспарда бар.
Осы уақытқа дейін 3 әйел бала көтерді. Бұның өзі - медициналық және шығармашылық топ үшін үлкен жетістік.
Жоба пациенттері еліміздің Алматы, Астана, Тараз, Ақтау, Павлодар, Қарағанды, Ақтөбе, Өскемен өңірлерінен келіп, мықты мамандардың бақылауында.
Жаңа телевизиялық маусымда «Ана болғым келеді» жобасының шығармашылық ұжымы пациенттердің ата-ана атану жолындағы күресіне, үмітіне, кей кезде сәтсіз сәттеріне де куәгер болып, олардың жақсылықтырына ортақтасып, көрерменнен сүйінші сұрайтын күнді де асыға күтеді.