Jibek Joly арнасында мереке қарсаңында «Төрлетіңіз» бағдарламасы эфирге шығады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Jibek joly телеарнасынан «Төрлетіңіз» атты жаңа жоба эфирге шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көктем мерекесі қарсаңында эфирін бастайтын жаңа жоба ойын-сауық, ақпаратты-сазды көңіл-күй арқылы көрермендерді ел ішіндегі таланттармен, дарынды жандармен жақынырақ таныстырады. Халық ерен тұлғалардың өнерін тамашалауға мүмкіндік алса, екінші жағынан бағдарлама қонақтары бір үстел басында отырып, қоғамдағы өзекті тақырыптарды талқылап, өздерінің басынан өткен қызықты оқиғаларымен, құпияларымен бөліседі.




«Бұны жанға жылу сыйлайтын бағдарлама деп атаса да болады. Онда біздің сүйіп тыңдайтын әндеріміз, ұлттық салт-дәстүріміз, тарихымыз туралы айтылады. Ал, кейіпкерлер негізінен бүгінгі күннің батырлары мен талантты өнерпаздары, дарынды тұлғалар болмақ. Бағдарламаға танымал адамдар ғана емес, сонымен бірге республиканың әр түкпірінен тума таланттар, дарындылар шақырылады. Олар сән, спорт, эстрада, театр сияқты сан алуан саланың көрнекті өкілдері. Біз бұл жерде ел ішіне кең тараған әндер туралы көбірек сөз қозғаймыз. Себебі, елімізде «әу демейтін қазақ жоқ» деп тегін айтпайды. Біздің ата-бабаларымыз өнер десе ішкен асын жерге қойған, ән біздің қанымызда бар, әдет-ғұрыпымыз бен дәстүріміз қандай-да бір әнмен байланысты. Бұны халқымыздың бірегей коды десек те болады», - дейді жоба директоры Ғалия Байбосынова.




Бағдарламадан айтулы даталар мен ұлттық және халықаралық маңызға ие мерекелер де тыс қалмайды. «Төрлетіңіз» бағдарламасы 8 наурыз күні эфирге шығады. Бұны біз әдейі Халықаралық әйелдер күніне арнадық. Оған елге танымал тұлғалар шақырылды. Сахнада отандық эстрадада хит болған әндер шырқалады. Жалпы бағдарлама туралы толық ашып, айтқымыз келмейді. Әзірге бұл құпия болсын. Анығы - көрермендерге керемет тосынсый әзірлеп жатырмыз», - деп атап өтті режиссер.




Ал жобаның алғашқы арнаулы шығарылымын арна эфирінен 8 наурызда, кешкі сағат 21:15-те тамашалауға болады.

«Төрлетіңіз» сөзінің өзі қазақ халқы үшін қастерлі ұғым. Біз қадірлі қонағымызды төрге шығарып, құрмет танытамыз. Маған осы бағдарламаны жүргізу ұсынылғанда қуана келістім. Себебі жобаның идеясы тамаша. Осы хабар арқылы көрермендерге ұмыт бола бастаған дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды еске салғымыз келеді. Оған қоса, танымал тарихи тұлғалар жайында ой бөлісеміз. Осылайша көрерменмен бірге өткен күндерді сағынышпен еске аламыз», - дейді Ләйлә Сұлтанқызы.




Айта кету керек, бағдарлама қонақтары актерлер, әншілер, ақындар, суретшілер, кәсіпкерлер, блогерлер, модельдер және бұқаралық ақпарат құралының өкілдері. Олар көрермендерге сүйікті ісі мен кәсібі туралы айтып, жоспарларымен бөліседі. Өмірінде болып жатқан жаңалықтарын да айтып бермек. Хабар барысында қонақтардың жеке мұрағаттарынан фотосуреттер мен бейнетүсірілімдер көрсетіледі. Бағдарлама меймандары тележүргізушілермен қатар, өз жанкүйерлерінің сұрақтарына да жауап береді. Ал жобаның басты ерекшеліктерінің бірі бағдарламадағы қонақтар тек айтулы тұлғалар ғана емес, еліміздің қарапайым азаматтары, олар бір үстел басында танымал адамдармен бірге отырып, әңгімелеседі.




«Төрлетіңіз» жобасы Jibek Joly телеарнасынан кешке қазақ және орыс тілдерінде көрсетіледі. Бағдарламаны әр сенбі сайын Jibek Joly арнасынан кешкі сағат 21:00-де тамашалай аласыздар.