Jibek Joly телеарнасы «111» атты жаңа сериалдың түсірілімін бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Жақында Jibek Joly телеарнасында «111» Juz on bir атты жаңа телесериалдың тұсауы кесіледі. Детектив жанрындағы туындының түсірілімі бүгін басталды.

Фото: Jibek Joly

Фильм шынайы оқиғаға негізделген.

Сүйіктісінен айырылған жас адвокат Айжан Канарова жұмыстың соңында жүріп, жеке өміріне көңіл бөлмей қояды.

Еңбекқор арудың біліктілігін байқаған басшылығы оны әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің инспекторы етіп тағайындайды.

Қызмет барысында ол тұрмыстық зорлыққа ұшыраған жандарды жолықтырады, әйел құқығын қорғап, оларға жан-жақты көмек пен қолдау көрсетеді.

Кейде инспектор Айжан зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық тергеулерге де қатысады.

Оқиғаның шиеленіскен тұсында басты кейіпкердің әріптестері де отбасылық қысым көріп жүргені белгілі болады. Соңында бәрі мақсатына адал болғандықтан проблемаларды ойдағыдай жеңіп шығады.

Телесериалдың режиссерлері — Бейбіт Өнер, Берік Жаханов, Модияр Әбдіқадыров және Евгений Паламарчук. 

Продюсерлері — Анар Жүнісова мен Анна Чакиртова.

Басты рөлдерді танымал қазақстандық актерлер Жанель Серғазина мен Еркебұлан Дайыров ойнайды. 

Көрермен 40 түрлі оқиғаның алғашқы бөлімін «Jibek Joly» телеарнасындағы жаңа телевизия маусымының басында, 2024 жылдың қыркүйегінде тамашалайды. 

Алтынбек Әмит