Jibek joly телеарнасының жобасы - «Тұмар-2024» сыйлығының иегері
АСТАНА. KAZINFORM – «Jibek Joly» телеарнасының «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы «Тұмар» телевизиялық жүлдесіне ие болды. Бірегей бағдарлама «Үздік деректі фильм» номинациясында топ жарды.
Жоба авторы Жанар Байсеміз шетелдіктер асырап алған қазақтың жетім балаларының тағдыры мен танымын біраз жылдар бойы зерттеп келеді. Белгілі жоба «Jibek Joly» телеарнасынан алғаш рет 2022 жылы қазан айында көрерменге жол тартқан болатын. Содан бері шығармашылық топ туған елден жыраққа кеткен балаларды әлемнің әр түкпірінен тауып, қазақ көрерменіне таныстырып келеді. Жобаның екінші маусымы Американың 13 штатында түсірілді. 18 бөлімнен тұрады.
«2023-те Еуропа мемлекеттерінен, одан кейін 2024-те сол Америка Құрама Штаттарынан түсіріп келдік. Еуропа мемлекеттерінен он екі, Америка Құрама Штаттарынан он сегіз бағдарлама шықты. Үшінші маусым әлі жалғасқан жоқ. Бірақ сол бағдарламаға түскен балалардың ата-аналарын тауып беріп жатырмыз. Алды Қазақстанға келіп, туған-туыстарымен кездесті. Ең бірінші Президент телерадио кешенінің басшылығына және Жібек жолы арнасының басшылығына алғыс айтқым келеді. Жалпы ұжымға рахмет. Өйткені бұл - өте күрделі бағдарлама. Адам тағдыры. Халықтың ықыласына бөленді. Өзімнің командама, бағдарламаға үлесін қосқан барлық адамға алғысымды білдірем», - деді Жанар Байсеміз сөзінде.
Айта кетейік, биыл «Тұмар» телебәйгесіне 300 өтінім қабылданып, 48 телеөнім номинанттар тізіміне енген. Үміткерлер 12 номинация бойынша бақ сынасты. Жеңімпаздарға жылдағы дәстүр бойынша қазақстандық телевизияны дамытуға қосқан үлесі үшін Тұмар мүсіншесі және 1 миллион теңге көлеміндегі сыйақы табысталды.
Сонымен, жеңімпаздар төмендегідей:
Төтенше жағдай кезінде түсірілген үздік репортаж» – «Алапат тасқын» – «Qazaqstan» телеарнасы
Үздік журналистік зерттеу – «Экономика vs экология: су үнемдеудің жолдары қандай?/Арнайы репортаж» – «Atameken Business» телеарнасы
Үздік aқпараттық бағдарлама – «Astana Times» жаңалықтар қызметі – «Astana TV» телеарнасы
Үздік aналитикалық бағдарлама – «Жеті күн» – «Хабар» телеарнасы
Үздік әлеуметтік жоба – «Құдайы қонақ» – «Qyzylorda» телеарнасы
Үздік деректі фильм – «Шетелдегі қазақ балалары» – «Jibek Joly TV» телеарнасы
Үздік телехикия – «Мошенники» – «НТК» телеарнасы
Үздік өңірлік ток-шоу – «Ділмар» – «Жетісу» телеарнасы
Үздік өңірлік телеарна – «ТДК-42» телеарнасы
Балаларға арналған үздік бағдарлама – «АуылDone» – «Жетінші арна»
Үздік тележурналист – Григорий Беденко – «Хабар» телеарнасы
Үздік тележүргізуші – Мадина Балғабаева – «КТК» телеарнасы
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли «Qazsport» телеарнасына «Тұмар-2024» арнайы жүлдесін табыс етті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Almaty» телеарнасына да арнайы жүлде табыстады.
Естеріңізге салсақ, «Тұмар» Ұлттық телевизиялық бәйгесі 2017 жылдан бері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылып келеді. Басты мақсат – сапалы қазақстандық телевияны дамыту және ілгерілету, телевизиялық контент өндірісінде талантты мамандарды қолдау және оның ең мықты өкілдерін мадақтау.