Jibek Joly телеарнасы ЖИ көмегімен ым тілінде балалар контентін таратады

Фото: Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Енді сөйлеу, есту қабілеті нашар балалар жасанды интеллектінің көмегімен сурдоаударма жасалған мультфильмдерді тамашалай алады.

Жаңа жоба туралы толығырақ Jibek Joly телеарнасының директоры Еркежан Күнтуған айтып берді. 

— Жасанды интеллектіні әлеуметтік тележобаға қолданғалы жатырмыз. Біздің пайымдауымызға, еліміздегі телеарналарда есту қабілеті нашар жандарға арналған контент жоқ екен, яғни өнім олар түсінетіндей сурдоаудармамен берілмейді. Тек қана заң аясында жаңалықтардың сурдоаудармасы жасалады, бірақ оны барлығы тұтынады деп айта алмаймыз. Біздегі ақпарат бойынша бүгінде елімізде 5 мыңға жуық есту қабілеті нашар бала бар, оларға сурдоаударма керек. Осы орайда біз отбасылық телеарна болғаннан кейін, балалардан бастайық деп ойладық. Біздің телеарнада таңертең 4 сағат бойы мультфильмдер көрсетіледі және тұрақты көрермендеріміз бар, — деді Еркежан Күнтуған елордада өткен ІІ Орталық Азия медиафорумында.

Телеарна басшысының айтуынша, қазір елімізде инклюзивті контенттерге аса көңіл бөлініп жатыр. 

— Инклюзивті бағдарламаға үлесімізді қосайық деп бастадық. Бұл жерде сурдоаударма жасауға жасанды интеллектіні қолданамыз, өйткені, бүгінде елімізде ым тілі мамандары аз, тапшы. Астананың өзінде 5-6 ғана маман бар, олар барлық телеарнада жұмыс істейді. Сондықтан біз жасанды интеллектіге жүгіндік, оған көмектескен жасанды интеллектінің көмегімен ым тілін зерттеп жүрген, қазақстандық маман Нұрзада Амангелді. Маман 3D арқылы образ жасады, мультфильм тестілеуден өтті, яғни мультфильм бейнесіндегі адам сурдоаударма жасайды. Бұл біздің жұмысты жеңілдетеді, аз уақыт кетеді, өйткені адамның қатысуы көп уақыт алады. Жаңа жобаны бір айдың ішінде эфирге шығаруды жоспарлап отырмыз, қазір құжаттарын рәсімдеп жатырмыз, — дейді ол.

Сондай-ақ, теле-маман жасанды интеллектіні әлеуметтік тележоба саласында қолдану тиімді деп отыр. 

— Дегенмен жасанды интеллектіні тек технологиялық құрал ретінде пайдалану керек, өйткені адамның образын баса алмайды, адамның ойын жеткізе алмайды. Сондықтан біз бұл технологияны адамды алмастыру үшін емес, жұмысты оңтайландыру үшін қолданғалы жатырмыз. Одан бөлек, бізде 6 тілде ақпарат тарататын халықаралық «Silk Way» телеарнасы бар және әр тілдің өз редакциясы жұмыс істеп тұр. Сондықтан мамандарды шетелден шақырамыз, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан тағы басқа елдерден. Осы жерде бір мәселе бар, бізге келіп түскен ақпаратты 6 тілге аудармай бірден бере алмаймыз, себебі ақпарат 6 тілде қатар таратылуы керек, ол үшін келген ақпаратты алдымен барлық тілге аудару қажет. Сол үшін біз күтіп қаламыз, жоқ дегенде 2 сағат уақыт алады, демек жылдамдықты жоғалтамыз. Оның үстіне көп адам ресурсын қажет етеді, сондықтан біз алдағы уақытта жасанды интеллектіні аударма жағынан қолданғымыз келіп отыр. Бүгінде «Silk Way» телеарнасы Орталық Азияның даусы болып тұр, телеарнада Орталық Азияға арналған блоктар бар, — деп толықтырды телеарна басшысы.

Еске сала кетсек, 11 ақпан халықаралық ғылымдағы әйелдер мен қыздар күні қарсаңында жасанды интеллектінің көмегімен ым тілін қазақшалау жобасын қолға алған астаналық ғалым Нұрзада Амангелдімен сұхбат құрған едік. Қазір ғалым есту, сөйлеу қабілеті нашар жандарға арналған мекемелермен келісімшарт жасап, қазақша ым тілі жобасы пилоттық режимде апробациядан өтіп жатыр.

Айта кетейік, Астанада ІІ Орталық Азия медиафорумы өтіп жатыр. Форумға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ұлыбритания, Қытай, Қатар, Ресей және басқа да елдерден 700-ден астам делегат қатысып жатыр

Сондай-ақ Silk Way Орталық Азияның ортақ телеарнасына айналу мүмкіндігі туралы жазған болатынбыз. 

Одан бөлек, медиафорум барысында Астанада екінші Al Jazeera апталығы өтетіні белгілі болды.