«Jibek Joly» телеарнасында «Уәде» атты жаңа жоба көрерменге жол тартты

«Jibek Joly» телеарнасы «Уәде» атты жаңа жобаны бастады. Бұл туралы жобаның авторы Ерболат Мұхамеджан өзінің Facebook парақшасында жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: жеке мұрағат

Бағдарламада Үкімет мүшелері, облыс пен қала әкімдері, ұлттық компаниялардың жетекшілері қонақ болып, жүргізушінің өткір әрі өзекті сұрақтарына жауап береді.

Жобаның мақсаты – лауазымды тұлғалардың халыққа берген уәдесі мен Президенттің тапсырмаларын орындау аясында жауаптар алу. Бағдарлама саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдайлар мен мәдени-рухани кеңістікті де қамтиды.

Жаңа жобаның алғашқы қонағы – Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев.

Аймақ басшысы облыста орындалып жатқан бірнеше жоба туралы айтып берді. Сондай-ақ, Абай облысында жазда болған «Семей орманы» өрті неден туындағанын, облыстағы жолдардың жайы мен ауылшаруашылығы неліктен тұралап тұрғаны туралы сұрақтарға жауап берді.

Сұхбат соңында Нұрлан Телманұлы «Абай облысы 2025 жылға дейін таза ауыз суымен толық қамтамасыз етіледі» деп уәде берді.

Айта кетсек, бағдарлама жұма сайын сағат 21:30-да шығады.