Jibek Joly туристік пойызы бұл жолы Қазақстан мен Өзбекстанның екі қаласына тоқталады

Фото: Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM —  Jibek Joly туристік пойызы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы кезекті сапарына аттанды. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі мәлім етті. 

Jibek Joly туристік пойызы екінші сапарына шықты. Бұл жолы теміржол саяхатының аясы кеңейіп, Қазақстанның Шымкент және Өзбекстанның Самарқанд қалалары қосылды. Бүгін Jibek Jolyтуристік пойызы «Алматы – Түркістан – Ташкент – Самарқанд – Шымкент – Алматы» бағыты бойынша сапарын бастады. Тур 2-7 қаңтар аралығында 5 күнге жалғасады. Екінші сапарға 100-ден астам жолаушы аттанды. 

Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі

Саяхатшылар ежелгі қалалардың ерекше атмосферасына еніп, Ұлы Жібек жолының ізімен саяхаттайды. Маршрутқа қалалардың негізгі көрнекі орындары енгізілген. Туристердің жайлылығы үшін тур бағдарламасына гид қызметі, тамақтану, көрікті жерлерге кіру билеттері мен трансфер қызметтері кіреді. Айта кетейік, бұл жолғы теміржол саяхатының басты ерекшелігі – туристер пойызда түнейді. Пойыз сол уақытта белгіленген бағыт бойынша қозғалысын жалғастырады. 

Фото: МТС РК
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі

Халықаралық турды «Жолаушылар тасымалы» АҚ мен республикалық «Қазақстан туризм индустриясы» қауымдастығы Kazakh Tourism ҰК АҚ және ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Еске сала кетейік, бұған дейін туристік пойыз алғашқы сапарын Алматы станциясынан 17 қараша күні бастағанын жазған болатынбыз.