Junior Eurovision байқауына Қазақстан атынан 12 жасар Қарақат Башанова қатысады
Бүгін «Хабар» арнасының тікелей эфирінде «Junior Eurovision 2020» халықаралық ән байқауының ұлттық іріктеуінің финалы өтті. Байқауда Алматы облысы Рысқұлов ауылынан келген Қарақат Башанова жеңіске жетті.
Жас әнші әкесіне арналған «Forever» әнін орындады. Композицияны өткен жылы Junior Eurovision-де өнер көрсеткен Ержан Максимнің «Арманыңнан қалма» әнінің авторы Хамит Шанғалиев шығарды. Қарақат көрермендердің және қазылар алқасының дауыс беру нәтижелері бойынша жеңімпаз деп танылды. Енді Қарақат Қазақстанның атынан халықаралық гранд-финалда өнер көрсететін болады.
Гала-концертте финалистер еліміздің танымал композиторларының арнайы жазған авторлық әндерімен өнер көрсетті.
«Junior Eurovision-2020» ұлттық іріктеуі 4 кезеңде өтті. Қазақстанның барлық өңірінен барлығы 684 өтінім келіп түсті. Екінші кезеңде қазылар алқасы 30 қатысушыны таңдап алды, олардың арасынан онлайн дауыс беру нәтижелері бойынша 12 финалистің есімдері белгілі болды.
«Junior Eurovision» байқауының финалы 29 қарашада онлайн форматта өтеді. Әлемнің 13 елінен 9-14 жас аралығындағы жас вокалистер бақ сынайтын болады. Қазақстан сайысқа үшінші рет қатысады. Еліміздің айтулы шараға қатысуы «Хабар» Агенттігінің 2016 жылдан бері Еуропалық хабар тарату одағының (ЕВU) қауымдасқан мүшесі атануының арқасында мүмкін болып отыр.
Биыл байқаудың өтуіне Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі қолдау білдірді.