«Ата-ана ретінде ұлымызда Салтанатты (Нүкенова – ред.) өлтіру пиғылы болмағанына сенеміз. Ол онымен отбасын құрғысы келді, екеуі де бірге өмір сүруді жоспарлады, Салтанатқа гардеробты кеңейту үшін үйінде жөндеу жұмыстары жүріп жатты. Екеуі де бала сүйіп, толыққанды отбасын құруды қалады. 9 қараша күні не болғанын өзіміз де білмейміз. Бірақ ұлымыздың қасақана адам өлтіру пиғылы болмағанын тағы да атап өткім келеді», - деді У. Бишімбаев Youtube желісінде «Ертісбаев Live» арнасында.
Уәлихан Бишімбаев кей адамдардың осы қайғылы оқиға арқылы өздерін жарнамалап, әділет үшін күрескер ретінде көрінгісі келетінін жоққа шығармады.
«Құрметті журналистер, құқық қорғаушылар, блогерлер және басқа да БАҚ өкілдері! Құрметті отандастар! Сіздерден заң шеңберінде уәкілетті органдардан алынған сенімді ақпаратты жариялауды сұраймын. Жұртшылықтан қоғамдық пікірге қысым жасап, тергеуге ықпал етуге мүдделі кейбір адамдардың айла-шарғысына берілмеуін сұраймын. Тергеу органдарынан заң аясында істі объективті және толық жан-жақты тергеуді сұраймын. Мен Қазақстанның әділ сот төрелігіне, онда әрбір азаматтың құқығы бұзылмайтынына сенемін», - деді айыпталушының әкесі.
Бұған дейін Уәлихан Бишімбаев қоғамдық пікірге қысым жасалып жатқанын, тергеу барысында барлық заңнаманың сақталуы қажеттігін айтқан еді.