Қ.Есқазиев: Бұл қадам Қазақстан экономикасын, оның ішінде, біздің кәсіпорнымыз «Ембімұнайгазды» нығайтуға жағдай жасайды
«Ембімұнайгаз» ЖШС Ұлттық банк пен Үкіметтің жаңа экономикалық саясатқа және жаңа ақша-кредит саясаты режіміне көшу туралы шешімін толық қолдайды. Экспорттық тауарларға деген сыртқы конъюнктура соңғы уақыттары нашарлай түсуде. Мұнайдың әлемдік бағалары барреліне 115 доллардан 48,5 долларға дейін, яғни іс жүзінде 2,5 есе төмендеді. Мұнай өнімдеріне бағаның айтарлықтай төмендеуі жағдайында бізде табыстардың елеулі түрде төмендеуі байқалды. Таяу уақыттары ірі мұнай өндіруші ел болып табылатын Ираннан санкциялар алынады деп күтілуде. Халықаралық рынокқа ірі ойыншы шығады, ал ол мұнай өнімдері бағасының кезекті төмендеуіне себепкер болмақ. Қалыптасқан жағдайда таргеттелген валюта саясатына көшуді мен дұрыс және уақтылы шара деп есептеймін. Бұл қадамдар Қазақстан экономикасын, оның ішінде, біздің кәсіпорнымыз - «Ембімұнайгазды» нығайтуға жағдай жасайды. Қабылданған шаралар біздің өз жұмысшыларымызға әлеуметтік қолдау көрсету бойынша қабылдаған барлық міндеттемелерімізді орындауға мүмкіндік береді. Осылайша, бізге штаттарды қысқартуға, сол сияқты, еңбекақыларды төмендетуге жол бермеудің сәті түседі.