Қ. Келімбетов Қазақстанда 2020 жылға қарай инфляция қай деңгейде болатынын айтты
«Бұл инфляция деңгейіне өту аса қиын емес. Соңғы бес жыл ішінде елімізде инфляция деңгейі 6-8 пайызды құрап келді. Соған қарамастан, 2013 жылы 4,8 пайыз, ал биылғы жылдың алғашқы жартысында төрт пайыздан аз болды. Сондықтан, жоспарымыз бойынша, 2020 жылға қарай, инфляция деңгейі біртіндеп төмендеп, 3-4 пайызды құрауы тиіс», - деді Қ. Келімбетов. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық банк төрағасы Халықаралық Валюта қорының баяндамасы туралы өз пікірін білдірді. «Халықаралық Валюта қорының таныстырылымы Елбасының әлемдік қаржы дағдарысы жайында айтқан ойларымен үндесіп жатыр. Таныстырылымда дағдарысқа қатысты қауіп-қатерлер жайында айтылған. Мысалы, онда біздің Еуроодақтан кейінгі маңызды әріптестеріміз - Ресей экономикасы мен Қытай экономикасында негативті құбылыс орын алатындығы, дәлірек биыл Ресей экономикасының дамуы минус 3,8 пайызды, ал келесі жылы 0,6 пайызды құрайтындығы туралы болжам берілсе, Қытай экономикасының дамуы биыл 6,8 пайызға өссе, келесі жылы бұл 6,3 пайызды құрайтын болады. Әрине, осы тұрғыдан алып қарағанда біз үшін тәуекелдер баршылық. Ал таныстырылым менің ойымша, мейлінше шындыққа негізделген. Дегенмен, өңірдегі басқа елдермен салыстырғанда, Қазақстанның позициясы көптеген шамалар бойынша, мысалы нашар кредиттер деңгейі, несиелер мен депозиттердің доллорлану деңгейі секілді бірқатар параметрлер бойынша едәуір тұрақты деп айтуға болады. Сондықтан, дағдарысқа қарамастан, өткен жылдарда атқарылған қыруар жұмыстардың арқасында, резервтердің арқасында біздің жағдайымыз ұтымды. Қазір Ұлттық қорда шамамен 68 млрд. доллар, ал Ұлттық банктің резервінде 29 млрд. доллар бар», - деді Қ. Келімбетов.