Қ.Көшербаев: Қызылорда облысында мен болмаған елді мекен жоқ

АСТАНА. 20 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өңірдегі елді мекендерді 100 пайыз аралап шыққандығын мәлім етті.

«Шынымен барлық елді мекенді аралап шықтым. Бұл облыста мен болмаған елді мекен жоқ», - деді ол.

Қ.Көшербаевтың атап өтуінше, облыс әкіміне қазіргі интернеттің дамыған заманында скаип арқылы не болмаса бейнеконференция арқылы өңірлермен хабарласып отыруына мүмкіншілігі жеткілікті.

«Бірақ көзбен көргенге, елмен кездескенге не жетсін. Кейде жақсы әңгіме болып жатады, кейде өкпе-реніштерін айтады. Оның барлығын тыңдап, тиісті шешім қабылдау үшін өз көзіңмен көрген дұрыс»,- деді өңір басшысы.

Айта кетейік, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қызметіне келгеннен кейінгі 3 айдың ішінде аймақтағы 277 елді мекенді аралап шыққан болатын.