Қ. Көшербаев жаңа пәтерге ие болған жанұяларды құттықтады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - «Ең алдымен баршаңызды cанаулы күндерден кейін төрімізге енетін Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын. Өздеріңіз де білесіздер, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуынан бастап мемлекеттің өркендеуі жолындағы жұмыстардың басым бөлігі Ел Президентінің есімімен тікелей байланысты», - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қоныс той иелерін құттықтау сөзінде.

Биылғы жылы облыс бойынша тұрғын үй құрылысына мемлекет қаржысы есебінен 7 млрд. 981 млн. теңге бөлініп, бүгінгі таңға 19 425 шарш ы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілді. Атап айтқанда, 303 отбасы баспаналы болып, қоныс тойларын тойлады.

Мұнан әрі облыс басшысы: « Бір ғана Қызылорда қаласында құрылыс жұмыстарының көлемі жылдан жылға жоғары қарқынмен артып келеді. Облыста атқарылған жұмыстың үштен бірі қаланың үлесіне тиесілі. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі таңда «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасына сәйкес жалпы саны 24 тұрғын үйдің (1096 пәтер) құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күнге 10 көпқабатты тұрғын үй (466 пәтер) , Қызылжарма ауылында салынған екі пәтерлік 7 үй (14 пәтер) жалпы саны 17 үй (480 пәтер) пайдалануға тапсырылғалы тұр. Апаттық жағдайдағы тұрғын үйдің мәселесін шешу бағытында 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы басталып кетті», - деді.

Мұнан бөлек ол, Қалада «Қазақстан ипотекалық компаниясымен» бірлесіп 230 пәтерді құрайтын 4 үй, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры Акционерлік қоғамы арқылы 210 пәтерді құрайтын 6 тұрғын үйдің құрылысы басталғанын айты. Бұл өз кезегінде баспанаға мұқтаж жандарға үлкен қолдау болатыны анық.

Бүгінгі таңда Қызылорда қаласы келбеті келіскен, сәулетінің сән-салтанатымен мақтануға тұрарлық алдынғы қатарлы қалалардың қатарынан көрініп келеді. Бұл дегеніміз күн өткен сайын қызылордалықтардың тұрмысының түзеліп, әл-ауқатының артқандығын көрсетеді.

«Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың қатарын азайту мақсатында, облыс көлемінде тындырымды істер мен ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бүгін міне сол басталған жұмыстың нәтижесін көріп отырмыз. Аз ғана мерзім ішінде Сіздерді жаңа баспанамен қамту мүмкіндігі туып отыр. Бүгінгі пайдалануға беріліп отырған жалпы аумағы 3,111 мың шаршы метр құрайтын, 50 пәтерлік тұрғын үй елімізде мемлекет тарапынан тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға жасалып жатқан қолдаудың нақты көрінісі деп білемін. Жаңа пәтер иелеріне қоныстарыңыз құтты, шаңырақтарыңыз шаттыққа толы болсын дегім келеді», - деді Қырымбек Көшербаев сөз соңында.