Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры жаңа маусымын ашады
Отыз жылдық тарихы бар Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры жаңа ғимаратқа көшті. Жаңа ғимарат елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен салынды. Қараша айының 26 күні Нұрсұлтан Әбішұлы театр ғимаратына келіп, шығармашылық ұжыммен кездесті. Жаңа ордадағы театр маусымы қалыптасқан дәстүр бойынша М.Әуезовтің «Абай» қойылымымен ашылады. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ә.Оразбеков.
Соңғы жылдары әлемде орын алған жағдайларға байланысты адамзат баласы мейірімділік, қайырымдылық сынды әрекеттерге үлкен мән беруде. Елімізде де қайырымдылық саласына жіті көңіл бөлініп келеді. Халқымыз мұқтаж адамға көмек көрсетіп, қайырымдылық жасауды, кіріптарға қайыр беріп, қарттарды аялауды, мұқтаж жандарды қолдап-қорғауды әрбір адамның адамгершілік борышы деп есептейді. Сондықтан қазіргі таңда мемлекет тарапынан да қайырымдылықты қолдауға көп көңіл бөлініп отыр. Қазақ театр ұжымы да алғашқы ашылуын осы бағытта жариялағанды жөн санады. Елорда төрінде араға 29 жыл салып бой көтерген жаңа қазақ драма театры ғимараттың салтанатты ашылуы мен мерейлі XXX маусымын қайырымдылық шарасымен бастауды мақсат етіп отыр..