Қ. Мәми дүниеден озған О. Мұхамеджановтың отбасына көңіл айтты

АСТАНА. 16 қазан. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қайрат Мәми дүниден озған көрнекті саяси қайраткер Орал Мұхамеджановтың отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты, деп хабарлайды палатаның баспасөз қызметінен.

«Сарабдал саясатшы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы қызметін екі мәрте атқарған қоғам, мемлекет қайраткері, халқымыздың рухы биік қайсар ұлы Орал Байқонысұлы Мұхамеджановтың дүниеден өтуіне байланысты, отбасына, туған туыстарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.

Отанымыздың елжанды қайраткер азаматы ретіндегі Оның жарқын бейнесі халық жүрегінде мәңгі жасайтын болады.

Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа, жаны жәннатта болсын», - делінген Қ. Мәмидің блогында.