Қ.Мәми кезектен тыс Президенттік сайлауды өткізу барысында заңдылықты қамтамасыз ету бойынша облыс прокурорларымен он-лайн кеңес өткізді

АСТАНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Бас прокурор Қайрат Мәми Қазақстан Республикасында өтетін кезектен тыс Президенттік сайлау барысында заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша облыс прокурорларымен он-лайн режімінде кеңес өткізді.

Оның барысында облыс прокурорларына өкілетті және жергілікті атқарушы органдармен сайлауды өзара іс-қимылда өткізу барысында заңдылықты, ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз ету тапсырмасы берілді.

Атап айтқанда, Бас прокурор сайлаушылардың тізімдерінің толықтығын және растығын, сайлау комиссияларын қалыптастырудың заңдылығын, кандидаттардың сайлаушылармен кездесу жүргізу және үгіт-насихат материалдарын орналастыру құқықтарын қамтамасыз етуді жүктеді.

Бейне-кеңес барысында сондай-ақ, азаматтардың еңбегіне тиісті жағдай жасау және жалақыны уақытылы төлеу, үлескерлік құрылысқа қатысушылардың мүдделерін қорғау бойынша түбегейлі шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударылды.

Қ.Мәми, облыс прокурорларынан кәсіпкерлерді негізсіз тексеруге тосқауыл қоюды талап етті. Ал Бас прокуратураның жұмыс тобына сайлау барысында барлық прокуратура органдарының қызметін үйлестіруді, сайлау науқанына қатысушылардан конституциялық құқықтарын қорғау жөнінде түсетін өтініштерді уақтылы қарауды қамтамасыз ету тапсырылды.