Қ.Мәми Жоғарғы сот төрағасы лауазымында алғаш рет азаматтарды қабылдау жүргізді

АСТАНА. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қайрат Мәми Жоғарғы сот төрағасы лауазымында алғаш рет азаматтарды қабылдау жүргізді, деп хабарлайды әділ сот органының баспасөз қызметінен.

Қабылдау кезінде төраға Қазақстанның әр түрлі өңірлерінен 20-дан астам азаматпен тілдесті.

Қабылдауға келген адамдардың көпшілігі барлық инстанциядан өтпегеніне қарамастан және олардың апелляциялық және кассациялық тәртіптерде сот актілеріне шағым беруге мүмкіндіктері сақталғанына қарамастан, оларды Жоғарғы сот басшысы қабылдап, тыңдап шықты.

Шағымдардың едәуір бөлігі мүліктік сипатта болды және тұрғын үйді, жер телімін алуға, сақтандыру төлемдерінің орнын толтыруға байланысты болды. Қылмыстық істер бойынша кейбір азаматтар шығарылған үкімдерді қайта қарау туралы өтінішпен хабарласқан.

Қабылдауға келгендерге әрі қарай сот актілеріне шағым беру туралы толық түсініктеме берілді. Жекелеген арыздар бойынша Қ.Мәми арыз берушілердің дәлелдерін қосымша қарастыруға тапсырма берді, деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметінде.

Қабылдау нәтижелері бойынша азаматтардың басым бөлігі өз мәселелеріне назар аударғаны үшін алғыс білдіріп жатты.

«Азаматтардың арыздары мен шағымдарына мұқият қарау мәселесі, олардың әділетті қаралуы VІ судьялар съезінің қорытындысы бойынша Жоғарғы сот төрағасы Қ. Мәмидің жергілікті сот төрағаларымен өткізген отырысында жан-жақты талқыланған болатын», - деп атап өтілген таратылған баспасөз хабарламасында.

Қазіргі уақытта азаматтардың арыздарын жекелеген іс санаттары бойынша топтау және олардың шағым беру себептерін анықтау жөніндегі жұмыс басталды. Нәтижесі жыл қорытындысы бойынша жергілікті соттардың төрағаларымен өткен отырыстарда қарастырылмақ.