Бұл пікірді бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Елбасы Премьер-Министр лауазымына К.Мәсімов кандидатурасын ұсынғаннан кейін депутат Нұрлан Өнербаев білдірді.
«Бүгін тарихи күн. Тебіреніске толы айрықша айшықты күн, - деп бастады сөзін Мәжіліс депутаты Н.Өнербаев. - Мемлекетіміздің тағы бір онжылдығының жаңа парағы бүгін ашылып отыр. Мұндайда атам қазақ «алтын айдарлы ұлына ақсарбас» айтып, толайым көңілден ақ тілегін ақтарып жатады. Осы дәстүрді сақтай отырып, бүкіл әлемді таңдай қақтырарлық табысыңыз бен ірі жеңісіңіз ұзағынан сүйіндірсін, құрметті Нұр аға! Сіз осы 20 жыл ішінде талай белестерді бағындырдыңыз. Еліміздің абыройын асқақтатып, төрткүл дүниеге паш еттіңіз. Мемлекетімізді жаңа даму жолына түсірдіңіз. Осындай игі істердің бұдан да әрі де өркендей беруіне шын жүректен тілектеспіз. Бүгін Қазақстан мен сіздің есіміңіз қатар айтылады. Өйткені тәуелсіздігіміздің 20 жылында Сіздің бастауыңызбен Қазақ елі төрткүл дүниеге әйгілі, әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылуға толық мүмкіндігі бар, іргелі де экономикасы қуатты елге айналып отыр. Сіздің орасан зор тәжірибеңіз, өмірлік даналығыңыз бен сарқылмас күш қуатыңыз әлі ұзақ жылдар бойы Қазақстан халқының мүддесі жолында қызмет ететіне сеніміміз мол».
Осыдан кейін Елбасының Президенттік жаңа мерзіміндегі жұмысын Парламент Мәжілісінен бастап отырған жақсылыққа жоритындықтарын жеткізген ол: «Бүгін міне Үкімет басшысын ұсынып отырсыз. Үкімет басшысын ел 2007 жылдан бері біледі. Елімізге, халқымызға адал қызмет етіп келе жатқан азамат ретінде біледі», - деді.
Халық қалаулысының атап өтуінше, 2007 жылдан бері еліміздегі экономикалық, әлеуметтік және индустриялық даму қарқынды өсіп, дүниежүзілік қаржылық дағдарыстан Қазақстан Республикасы біріншілердің қатарында болып шықты. Міне, осының барлығы Үкіметтің адал қызмет етуіне тікелей байланысты.
«Кәрім Қажымқанұлы осы күнге дейін өзіңіздің және халықтың сенімін ақтады. Бұдан былай да ақтайды деп, адал қызмет етеді деп сенім білдіреміз және қолдаймыз», - деді Н.Өнербаев.