К.Мәсімов: БҚО-ның су тасқынынан зардап шеккен жұмыссыз тұрғындарын жұмыспен қамту - маңызды мәселе

ОРАЛ. 18 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Құлшыманов/ - ҚР Үкімет басшысы Орал қаласында өткізген көшпелі отырыс кезінде Батыс Қазақстан облысының су тасқынынан зардап шеккен барлық жұмыссыз тұрғындарын жұмыспен қамтуды тапсырды.

«Жұмыспен қамту - маңызды мәселе, бұл дегеніміз, олардың барлығы жұмысқа баруы керек, болмай жатса, олар үшін жұмыс ойлап табыңдар дегенді білдіреді», - деп атап өтті Премьер-Министр. К.Мәсімов жұмысы бар адамдар өздерін жайлы сезінетінін атап көрсетті.

Сондай-ақ Үкімет басшысы құқық қорғау органдарына осы және өзге де мәселелер бойынша аймақтағы тұрақтылықты басты назарда ұстауды тапсырды.