К. Мәсімов ипотекалық несие жүйесін жетілдіруді тапсырды

АСТАНА. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін өткізілген селекторлық кеңесте ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ипотекалық несие жүйесін жетілдіруді тапсырды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кеңес барысында баяндама жасаған «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Қайрат Келімбетовтің айтуынша, бүгінде ипотекалық несиелендіру бойынша 4 мыңға жуық азаматтан 16 млрд. 338 млн. теңгеге өтініштер түскен. Ал 1 млрд. 448 млн. теңгені құрайтын өтініштер бойынша оң шешім шығарылды. Ал республика бойынша бюджеттен ипотекалық несиелендіру жүйесіне бөлінген қаражаттың жалпы көлемі 120 млрд. теңге болып отыр. «Бүгінде өтініш беріп жатқан жас отбасылардың көбісі ата-анасының үйінде тұрады. Заң бойынша олар да сол баспананың иесі болып табылады. Көп жағдайда осы мәселе оларға төмендетілген ипотека алуға кедергі болып жатады. Сондай-ақ жері, тіпті гаражы бар адамдар да баспаналы азаматтар ретінде қарастырылуда. Сондықтан аталған мәселелер бойынша нақты шешімдерді қабылдап, тиісті құжаттарды әзірлеу қажет», - деді Қ. Келімбетов. Үкімет басшысы осы мәселе бойынша тиісті жұмыстарды атқаруды өзінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевке тапсырды. «Мұнымен қоса БАҚ беттерінде ипотекалық несие алуға мүмкіндік беретін шарттарды жариялау қажет»,- деп атап өтті К. Мәсімов.