«Сіздердің шақырылымдағы депутаттардың өз қызметіндегі ең маңызды алғашқы қадамдарының бірі - Үкіметтің қазіргі құрамына сенім білдіруінен басталды. Парламенттің Үкіметке сенім білдіруі - жеке мен үшін және Үкімет мүшелері үшін үлкен абырой және жауапкершілік», - деп атап өтті Үкімет басшысы ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында.
К.Мәсімовтың айтуынша, Үкімет елдің даму бағыттарын жүзеге асыруға арналған жұмысын әрі қарай жалғастыра береді.
«Біз Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық құжаттарында тапсырған стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу бойынша жұмысты жалғастыра береміз», - деді Премьер.
Үкімет басшысының атап өткеніндей, Үкімет қазіргі уақытта 100 нақты қадам стратегиялық жоспарын жүзеге асыруды қолға алып отыр.
«Айта кету керек, депутаттар мен Үкіметтің тығыз жұмысының арқасында 100 нақты қадамды жүзеге асыруға бағытталған бірқатар заңдар жедел түрде қабылданып үлгерді. Парламент пен Үкіметтің арасындағы тиімді байланыстар - президенттік жоспарлардың сәтті іске асуының кепілі», - дейді К.Мәсімов.
«Қазіргі уақытта әлемдік экономиканың құбылмалы шағында Мемлекет басшысы жаңа, жауапкершілігі жоғары міндеттерді алдымызға қойып отыр және біз оны орындауға дайынбыз. Үкімет біздің елдің дамуына бағытталған экономикалық саясатты жүзеге асыруға барлық күш-жігерін салады», - деп түйді Үкімет басшысы.