К.Мәсімовтің қатысуымен өтетін ЕурАзЭҚ отырысында Қырғызстанның Кеден одағына қосылуы талқыланбақ

АСТАНА. 17 қазан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өтетін ЕурАзЭҚ отырысында Қырғызстанның Кеден одағына қосылуы талқыланбақ.

Бұл туралы бүгін елордада өткен апталық брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.

«19 қазанда Санкт-Петерборда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Еуразиялық экономикалық қоғамдастық мемлекетаралық кеңесінің 31-ші және Кеден одағының жоғарғы органы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық мемлекетаралық кеңесінің отырыстары өтеді», - деді ол.

Ресми өкілдің атап өтуінше, аталған отырыстарда Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің үкімет басшылары экономикалық қоғамдастықтың өзекті мәселелері мен даму басымдықтарын талқылайды.

Атап айтқанда, Қоғамдастық аясында Кеден одағын құру және Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының Бірыңғай экономикалық кеңістігін құру бойынша іс-шаралар жоспарын іске асыру туралы мәселелер қаралады.

«Сондай-ақ, Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Алмазбек Атамбаевтың Кеден одағына Қырғызстанның қосылу дайындығы туралы өтінішіне орай тиісті Жұмыс тобын құру туралы мәселе талқыланбақ», - деді А.Әбибуллаев.