К. Мәсімовтің төрағалығымен «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесі мүшелерінің отырысы өтті

АСТАНА. 7 сәуір. ҚазАқпарат - Кеше ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалық етуімен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Директорлар кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Аталған қордың мәліметіне қарағанда, отырыс барысында «Самұрық-Қазына» АҚ-ның  2012-2022 жылдарға арналған даму стратегиясының жобасы қаралды. Осы мәселе бойынша қордың басқармасы төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаев  баяндама жасады. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының 2012-2022 жылдарға арналған даму стратегиясының жобасы «Мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы»  Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 18 маусымдағы № 827 Жарлығына сәйкес даярланды, оған сай ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарының негізінде 10 жылға әзірленеді.

Стратегия жобасында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының миссиясы,  стратегиялық даму бағыттары, 10 жылдық даму кезеңіне арналған мақсаттары мен міндеттері белгіленген.

Сондай-ақ отырыс барысында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының еншілес және тәуелді ұйымдарының акциялар пакеттерін бағалы қағаздар нарығына (Халықтық ІРО) шығару бағдарламасын іске асыру мәселелері және «Самұрық-Қазына» АҚ тұрғын үй құрылысы бағдарламасын бекіту, сондай-ақ ҚР Ұлттық қорының қайтарымдық қаражаты есебінен «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ несие  желісін беру  мәселелері қаралды.

Кадр мәселелері аясында «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қ. Бишімбаевтың «Біріккен химия компаниясы» ЖШС Қадағалау кеңесінің мүшесі лауазымын иеленуіне келісім берілді.

Бұдан бөлек, қор қызметінің басқа да мәселелері қаралды, олар бойынша тиісті шешімдер қабылданды.