Қ. Саудабаев Ташкентте өтетін ШЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысады

АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат/ - Ертең, мамырдың 22-сінде ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Ташкентте өтетін ШЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиын барысында қатысушылар жаһандық қаржы дағдарысының салдарын еңсеру, халықаралық валюта-қаржылық жүйені реформалау, жаппай қырып-жою қаруларын таратпау секілді мәселелерді қамтитын өңірлік және ғаламдық проблемаларды талқылайтын болады. Сонымен бірге, отырыста терроризмге қарсы шараларда өзара байланысты кеңейту, Ауғаныстанға көмек беруде халықаралық қауымдастықтың жігерін үйлестіру шаралары да талқыға салынатын болады.

Кездесудегі маңызды мәселелердің бірі - қырғыз еліндегі жағдайды талқылау болып отыр. Бұл ретте жиынға қатысушылар ШЫҰ желісі бойынша қырғыз еліндегі әріптестеріне қажетті қолдаулар көрсету шараларын да талқыға салады деп күтілуде.

ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің сыртқы саясат ведомство басшылары ағымдағы маусым айында Өзбекстан астанасында өтетін ШЫҰ мемлекет басшыларының саммитіне шығарылатын құжаттар жобасын да талқылайды.