Қ. Саудабаев Венада өтетін ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының тоғызыншы қысқы отырысына қатысады

АСТАНА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Ақпанның 18-де ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Венада өтетін ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының тоғызыншы қысқы отырысына қатысады. Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, аталмыш шараның барысында Қ. Саудабаев Үш жалпы комитеттің бірлескен отырысында сөз сөйлейді. Онда Қазақстанның 2010 жылғы ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының басымдықтары баяндалады. «Сапар аясында Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосы басшысының ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасының нәсілшілдікке, ксенофобияға, христиан және басқа да діндердің өкілдерін кемсітушілікке қарсы күрес жөніндегі жеке өкілі Марио Мауромен кездесуі жоспарланып отыр. Онда жеке өкілдің ағымдағы жылғы қызметінің негізгі бағыттары талқыланатын болады», деді А. Әбдірахманов.