Қ. Саудабаевтың төрағалығымен Ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті

АСТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Ақордада Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі республикалық комиссияның алғашқы отырысы өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бұл Мемлекеттік сыйлықты Қазақстан азаматтарына отандық ғылымның дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін екі жылда бір рет Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекет басшысы тапсырады. Комиссияның отырысында Қ. Саудабаев жұмыстарды қарау кезінде олардың өзектілігі, жаңашылдығы және мән-маңызы бағалануы қажеттігін, Мемлекеттік сыйлыққа лайықты жұмыстар халықаралық ғылыми-техникалық ілгерілеуге үлес қосуы тиістігін атап көрсетті. Осы орайда ол комиссияға өте жауапты міндет - ұсынылған жұмыстардың лайықтысын іріктеу және жұмыстарды әділ, айқын, обьективті қарастыру қағидаттары негізінде Мемлекеттік сыйлықты беру туралы шешім қабылдау жүктеліп отырғанын айтты. Тұтастай алғанда Ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықты алу үшін барлығы 16 жұмыс түскен. Комиссия бүгінгі отырысында ұсынылған жұмыстардың тізімін қарастырып, бекітті, сондай-ақ жұмыс жоспарын қарастырды. Білім және ғылым министрлігіне 2009 жылғы Ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықты алу үшін ұсынылған жұмыстарды мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамадан және сараптамалық-талдамалық бағалау өткізуді қамтамасыз ету жүктелді.