Қ.Тілеушин «Даму» қорының басшысы болып тағайындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорында Басқарма Төрағасы ауысты. Холдингтің 2016 жылғы 1 ақпанда өткен Директорлар кеңесінің шешімімен «Даму» қорының Басқарма Төрағасы лауазымына Қаныш Тілеушин тағайындалды. Жаңа тағайындауға дейін Қ. Тілеушин «Бәйтерек» холдингінің басқарушы директоры - басқарма мүшесі қызметін атқарған болатын. Бұл туралы холдингтің баспасөз қызметінен хабарланды.

Бұған дейін «Даму» қорын басқарған Ләззат Ибрагимова «Бәйтерек» холдингі Басқарма Төрағасының орынбасары қызметіне ауысты.

Қаныш Тілеушин «Болашақ» бағдарламасының түлегі. 2006 жылы Оксфорд университетін (Оксфорд, Ұлыбритания) үздік тәмамдап, инновациялық менеджменттің магистрі атанған. Сондай-ақ, қаржы және кредит мамандығы бойынша Еуразия ұлттық университетін бітірген.

Ол еңбек жолын 2004 жылы «Темірбанк» АҚ-да бухгалтер мамандығынан бастады. Кейіннен сол банкте есептеу-кассалық бөлімнің басшысы болып тағайындалды. Әр жылдары «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ-да консультант, «Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-да бас сарапшы қызметтерін атқарды. 2007 жылы ҚР Индустрия және сауда министрлігінде Инновациялық саясат басқармасын басқарды. 2008 - 2011 жылдары ҚР Президентінің Әкімшілігінде еңбек етті. 2011 жылы ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі болып тағайындалды.

2013 жылдан бастап «Бәйтерек» холдингінің басқарушы директоры - басқарма мүшесі болып жұмыс істеді.

Әр жылдары Сингапур Ұлттық университетінің Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебімен бірлесіп, Назарбаев университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебінде «Мемлекеттік саясат және басқару» тақырыбы бойынша оқу мен тренингтер, ЮНИДО тренингі, Австрияда «Өңдеу өнеркәсібінің болашағы» тақырыбы бойынша тренинг, «Ernst&Young» бизнес мектебінің қаржылық үлгілеу, бизнесті бағалау, МВА, қаржылық талдау мен инвестициялық жобаларды бағалау тақырыптары бойынша тренингтерден өткен.