Қ.Тоқаев: Көптеген дамушы мемлекеттер БҰҰ көмегіне мұқтаж

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемде соғыс, жұмыссыздық, кедейшілік және теңсіздік сияқты ескі түйткілдер де толық шешім тапқан жоқ. Бұл туралы бүгін Астанада Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-інде өтіп жатқан «БҰҰ және ЮНЕСКО: Жасампаздықтың 70 жылдығы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

«БҰҰ-ның іргесі қаланған сәтте 51 ғана мүше мемлекет болса, бүгінде олардың саны 193-ке жетті. Бұл БҰҰ-ның беделі мен ықпалының ұдайы артып отырғанын көрсетеді. Қазақстан 1992 жылы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымына 168-ші мемлекет болып қосылып, халықаралық құқықтың толық құқылы мүшесіне айналды. БҰҰ-ның құрамына экономикалық әлеуеті мен саяси сипаты жағынан әркелкі мемлекеттер кіреді, алып және шағын, бай және кедей елдер, демократиялар мен монархиялар, теократиялық және зайырлық жүйелер, халқы тығыз орналасқан және халқы аз елдер бар. Мемлекеттердің даму деңгейін теңестеру БҰҰ-ның негізгі міндеті болмаса да, кедейшілік жайлаған, қанды соғыстар мен қақтығыстар жүріп жатқан халі мүшкіл елдер әлемдік ұйымның саяси, экономикалық, техникалық және гуманитарлық көмегіне сенім арта алады. Көптеген дамушы мемлекеттер осындай көмекке мұқтаж», - деп тоқталды Қ.Тоқаев. Сенат Төрағасы Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 жылдық ғұмырында әлем айтарлықтай өзгергенін, ондаған жаңа мемлекеттер пайда болғанын, адамзат ғылыми-техникалық ілгерілеуге қол жеткізгенін атап өтті. «Сондай-ақ соғыс, жұмыссыздық, аштық пен індет, кедейшілік және теңсіздік сияқты ескі түйткілдер де толық шешім тапқан жоқ. Соғыстан кейінгі қақтығыстар барысында 100 миллионға дейін адам қаза тапқан, мерт болған. Бір жауынгерге шаққанда, зорлық әрекеттерінен, тойып тамақтанбаудан, аурудан 9 бейбіт тұрғын қаза табады екен. Көрсетіліп отырған адам шығыны Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандардың елу миллионнан астам санынан асып түскенін ескерсек, БҰҰ-ның басты міндеті - жалпыға ортақ бейбіт өмір мен қауіпсіздік әлі орындала қоймағанын мойындауымыз керек», - деді ол.