- Қасым-Жомарт Кемелұлы, Мәжілістің мерзімінен тыс парламенттік сайлау өткізу туралы үндеуіне Парламенттің жоғарғы Палатасының Төрағасы ретінде Сіздің көзқарасыңызды білгіміз келеді.
- Әріптестеріміздің, Мәжіліс депутаттарының бастамасын толықтай қолдаймын. Бұл олардың еліміздің келешегіне деген жоғары саяси жауапкершілігін көрсетеді. Парламенттің де, Үкіметтің де алдында Елбасы ұсынған мазмұны бірегей стратегия - «Ұлт жоспарын» жүзеге асыру бойынша жұмысты үйлесімді түрде жалғастыру міндеті тұр.
Халықаралық ахуал шиеленісіп, әлемдік нарық мың құбылып тұрған бүгінгі жағдайда ішкі саяси тұрақтылықтың мән-маңызы арта түседі. Тіпті, алпауыт елдің басшысы Обама да таяуда халыққа арнаған үндеуінде бүгінгі дүрбелеңге толы дүниеде қатерлі қайшылықтар туындағанда жедел және келісілген шешім қабылдау үшін АҚШ-тың бүкіл саяси жүйесін «жөндеуге» шақырды. Ал, біздің Елбасымыз экономикалық өсімге қол жеткізу үшін қоғамдағы ынтымақ пен келісім тұжырымдамасын баяғыда-ақ жария етіп қойғаны белгілі. Бүгінде әлем бұл стратегияны «қазақстандық жол» ретінде біледі.
- Бірақ әлемді жайлаған дағдарыс Қазақстанға да әсерін тигізуде. Бұл жағдайдан еліміз аз шығынмен шыға ала ма?
- Негізінен халықаралық аренадағы қайшылықтардан туындаған дағдарысты біздің еліміз сөзсіз еңсеріп шығатынына мен кәміл сенемін. Осындай сын сәтте Елбасының төңірегінде мызғымастай топтасып, жаһандық деңгейдегі саясатты ұстануымыз - біз көздеген табыстың кепілі болып табылады. Дағдарыстар өтеді де кетеді, ал халық бірлігі - бұл мәңгілік құндылық.
Дағдарыс - күрделі сынақ болғанымен, бұл жаңа мүмкіндіктердің де уақыты, әрі ол болашақта оң шешімдер қабылдау үшін экономикалық дамудағы олқылықтарды сыни көзқараспен талдауға ықпал етеді. Үкіметте әртүрлі жағдайлардың алдын алу үшін бірқатар дағдарысқа қарсы шаралар жоспарының бары қуантады. Сенат атқарушы биліктің осы шараларын іске асыруға заңнамалық тұрғыда жәрдем беретін болады. Менің ойымша, қазіргі жағдайда біз халықаралық рейтингке қол жеткізуді емес, әлеуметтік міндеттемелерді орындауға, экономиканы әртараптандыруға, сайып келгенде Елбасының «Ұлт жоспарынан» туындайтын Қазақстанның күш-қуатын нығайтуға бағытталған нақты нәтижелерді басты назарға алуымыз қажет.