«Ағымдағы жылдың айшықты оқиғалар қатары тағы бір тарихи бастамамен толықты. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту мәселесі қоғамда қызу талқыға түсіп, кеңінен қолдау табуда. Бұған Елбасының халық игілігі үшін сіңірген қажырлы еңбегі, Отан мүддесі үшін жасаған риясыз қызметі негіз болуда деп ойлаймын. Біз сәулеті дәулетіне сай іргесі берік, әлемде мерейі үстем болған мемлекеттің дамуындағы биік белестер мен жетістіктерді Елбасының есімімен тікелей байланыстырамыз. Осы сара жолдағы көшіміздің ілгері жылжуының бірден-бір кепілі Елбасының сарабдал саясатының жалғасын табуында екендігі сөзсіз. Сондықтан да Сенат депутаттары аталған бастаманы қолдап, оны жүзеге асыруға қажетті заңнамалық негізді қамтамасыз етеріне кәміл сенемін»,-деді Сенат Төрағасы Қ. Тоқаев.
15:15, 28 Желтоқсан 2010
Қ. Тоқаев Сенат депутаттары Тұңғыш Президенттің өкілеттігін ұзарту туралы бастаманы қолдайтындарына сенім білдірді
АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Президент өкілеттігін ұзарту туралы бастаманы Сенат депутаттары қолдап, оның қажетті заңнамалық негізін қамтамасыз ететініне сенімдімін. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлімдеді.